Түркістан облысы: Мақтааралдық оқушыларға 110 планшет табысталды

25 Тамыз 2020, 21:01
1564
Бөлісу:
Түркістан облысы: Мақтааралдық оқушыларға 110 планшет табысталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Мақтаарал ауданына «Білім-Инновация» лицейлерінің ата-аналары мен түлектері «Біз біргеміз!» акциясы аясында 4 миллион 491 мың теңге көлемінде қаржы жинап, 110 планшетті  оқушыларға сыйға тартты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Еліміздегі эпидемиялық ахуалға байланысты бүгінгі таңда мектеп оқушыларын қашықтықтан оқыту маңызды. Дегенмен, ол үшін компьютерлер мен ноутбуктар, смартфондар мен планшеттердің қажеттілігі байқалуда. «Білім-Инновация» лицейлерінің негізгі қызметі білім саласы болғандықтан, еліміздегі жағдай ескеріліп су тасқынынан зардап шеккен және аз қамтылған отбасылардың балаларына планшеттерді табыстады.

Елімізде қандай қиын жағдай болмасын, ұрпағымызға сапалы білім беруді жалғастыру керекпіз. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін өте өзекті. Міне, су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдық оқушылардың білім алуына жағдай жасап, үлкен көмек беріп жатқан «Білім-Инновация» қоры мен лицейлеріне аудан жұртшылығы атынан өз алғысымды білдіремін,  – деді аудан әкімі Бақыт Асанов.

Айта кетейік, аталған қайырымдылық шарасы «Білім-Инновация» қоры мен лицейлерінің алғашқысы емес. Бұған дейін  қор 100 оттегі концентратын еліміздің барлық аймағындағы облыстық ауруханаларға жеткізген.


Өзгелердің жаңалығы