Түркістан: мемлекеттік қызметкерлер баспаналы болды

7 Наурыз 2020, 01:26
2050
Бөлісу:
Түркістан: мемлекеттік қызметкерлер баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мемлекеттік қызметтегі 15 әйел қызметтік баспанаға ие болды. Жаңа пәтер кілтін аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев салтанатты жиында табыс етті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың қуанышына ортақтасып, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында баспаналы болған нәзік жандарға пәтер кілттерін табыс етті. Қызметтік баспанаға ие болғандардың қатарында құқық қорғау саласының өкілдері, әскери қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік сала қызметкерлері, мәдениет, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар бар.

Өңір басшысы әйелдерді алдағы 8 наурыз мерекесімен құттықтап, әр отбасыға баянды бақыт тіледі.

Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау секілді игі шаралар дәстүрге айналды. Мемлекет қамқорлығының арқасында, бүгін де қаншама шаңырақ шаттыққа бөленіп отыр. Қызмет бабымен жаңа облыс орталығына көшіп келіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген өздеріңізге ықыласымыз ерекше. Баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, жаңа баспаналар сіздерге бақыт әкелсін деп тілеймін, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар әкім Түркістан шаһарында халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуі тоқтамайтынын айтты.

Көпқабатты пәтерлер құрылысы қарқынды жүріп жатқан шаһарда жыл соңына дейін 7 қабатты 24 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 1452 пәтер иелері қоныс тойын тойламақ.



Өзгелердің жаңалығы