Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлдың Береке ықшам ауданында жаңа мешіттің алғашқы қазығы қағылды. Нысанның құрылысына жұмсалатын шығынды Түркістан облысының кәсіпкерлері көтермек.
Бүгінгі күні Қызылжар өңірінде 74 мешіт жұмыс істеп тұр. Оның бесеуі Петропавл қаласында болса, қалғандары ауылдық жерлерде. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының СҚО бойынша өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы Береке ықшам ауданының тұрғындарын құттықтап, кәсіпкер Әбдумәжит Сыздықбеков екеуі Алланың жердегі үйінің алғашқы қазығын қақты.
«Береке ықшам ауданында іргетасы қаланғалы тұрған мешіт құтты болсын. Алла оның құрылысын аман-есен аяқтауды нәсіп етсін. Сіздер мен біздер азанның үнін естіп, осы жерде намаз, құлшылық-ғибадатымызды орындайық», - деді Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы.
Он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айында облыс орталығында 6-шы мешіт салынатыны жөніндегі жағымды жаңалықты қызылжарлық жамағат қуанышпен қабылдады.
«Мен Береке шағын ауданының тұрғынымын. Жергілікті халықтың атынан мешіттің құрылысын қолға алып жатқан жандарға алғысымды білдіремін. Біздің ауданда жыл сайын жаңа үйлер тұрғызылып, халық саны көбейіп жатыр. Сондықтан, мешіт керек-ақ. Орталыққа барғаннан гөрі, өзіміздің ауданда мешіттің болатыны қандай жақсы», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ақын Болат Сағындықов.
Түркістан облысындағы қайырымдылық қордың қаржыландыруымен құрылысы жүргізілетін нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Басты мердігер компания оңтүстіктен болғанымен, құрылыс жұмыстарына жергілікті мамандар тартылады.
«Мешіт 200 орындық болады. Көп ойланып осындай байламға келдік. Мешітте тек намаз оқып қана қоймай, діни рәсімдерімізді орындауға жағдай жасалуы тиіс. Біз соның бәрін ескердік. Асхана да болады», - дейді қайырымдылық қор үйлестірушісі Әбдумәжит Сыздықбеков.
Құрылыс жұмыстары шамамен маусым айының ортасында басталмақ. Нысанды 2020 жылдың күзіне дейін халық игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. Соңғы 2 жылда Қызылжар өңірінде 4 мешіт салынды.