Түлектеріміз бизнес-жобаларын өндіріске ұсынуда – ректор

11 Ақпан 2019, 18:57
2094
Бөлісу:
Түлектеріміз бизнес-жобаларын өндіріске ұсынуда – ректор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің жас ғалымдарымыз республика бойынша «Жас ғалымдардың үздік кеңесі» байқауында бірінші орын иеленді. Бұл туралы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры әрі ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов Жас ғалымдардың халықаралық форумында айтты.

Ректор аталған оқу орны еліміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын жетекші жоғары оқу орны екенін айта келе, университет барлық уақытта жастардың лайықты білім алуына, жұмысқа орналасуына жағдай жасап, оларды кішіпейілдікке, ұстамдылыққа және төзімділікке тәрбиелеу саясатын жүргізіп келе жатқандығын жеткізді.

«Бүгінгі күні университетте 10 мыңға жуық білім алушы бар. Профессор-оқытушылар құрамының 35% - жас ғалымдар мен зерттеушілер. Магистратурада 1387, докторантурада 238 адам білім жетілдіруде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша университет жастары қалалық және ресупбликалық қоғамдық ортада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Сондай-ақ біздің жас ғалымдарымыз республика бойынша «Жас ғалымдардың үздік кеңесі» байқауында бірінші орын иеленді»,-деді ол.

Т. Есполов сөз арасында университет студенттерінің жеткен жетістіктеріне де тоқталып өтті.

«2018 жылдың қазанында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XIV ресупбликалық слетінде біздің университет еліміздің «Үздік жоғары оқу орны» атанды.

Университеттің жас ғалымдары ресубликалық және халықаралық деңгейде өткізілетін стартап-жобалар байқауларына тұрақты түрде қатысып келеді. Соңғы 3 жылды алатын болсақ, біздің жас зерттеушілеріміз 100 мыңнан 500 мыңға дейінгі ақшалай сыйақылармен ондаған жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сонымен қатар студенттеріміз ғылыми жобалардың «Саинс Слэм – Алматы» республикалық конкурсында бірінші орынды иеленді»,-деді ректор.

Форум жұмысына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Түркия, Польша, Сербия, Болонья, Ресей, Украина, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің білікті мамандары мен жас ғалымдары қатысты.

Еске салсақ, бүгін форумның алдында осы университетте «Халықаралық қысқы мектеп-2019» шарасы өз жұмысын бастаған болатын. Қысқы мектеп сабақтары 11-23 ақпан аралығында 12 бағыт бойынша өтеді.

Әділет Мұсахаев

Фото: автор

 

Өзгелердің жаңалығы