Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сыйлық, шырша және аяз ата: Жаңа жылды тойлауға өңірлер қанша қаржы бөлді?

Бөлісу:
 Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңа 2026 жылға санаулы ғана күн қалды. BAQ.KZ тілшісі өңірлердегі тұрғындар мен қонақтардың жаңа жылды көңілді қарсы алуы үшін қандай жұмыстар жүргізгенін білді.

Редакциямыз өңірлерге сауал жолдап, шырша мен жаңа жылдық безендіру жұмыстарына қанша қаражат бөлгенін, оған қоса қандай мерекелік іс-шаралар жоспарланғанын анықтады.

Астана қаласы

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының ресми ақпаратынша, Жаңа жыл мерекесіне орай елордада қала тұрғындары мен қонақтарына арналған тегін қысқы демалыс орындары дайындалады: мұз айдындары, сырғанақтар, жылы әрі жайлы шағын архитектуралық нысандар, фотоаймақтар және өзге де белсенді демалыс түрлері.

Аудандарда әкімдік балансындағы жаңажылдық шыршалар орнатылады. Қала көшелерін безендіру үшін өткен жылдан қалған шамдар, инсталляциялар және өзге де әшекейлердің бір бөлігі пайдаланылады. Қоғамдық кеңістіктер жаңажылдық тақырыпта шағын сәулет нысандарымен, жарық инсталляцияларымен безендіріліп, қысқы мерекелік көңіл-күй орнатады.

Елордадағы жаңажылдық безендіру жұмысының қаржыландыруы жергілікті атқарушы органның бюджетінен және демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Аудан әкімдіктері қысқы безендіру жұмысына шамамен 365 миллион теңге бөледі.

Қаражат келесідей бөлінеді: Байқоңыр ауданы – 50 млн теңге; Сарайшық ауданы – 50 млн теңге; Сарыарқа ауданы – 50 млн теңге; Алматы ауданы – 50 млн теңге; Есіл ауданы – 90 млн теңге; Нұра ауданы – 75 млн теңге.

Шымкент қаласы

Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының дерегінше, қалада 2025 жылғы жаңа жылдық іс-шараларды өткізуге 166,5 млн теңге қарастырылған, оның ішінде:

  • Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына – 52,3 млн теңге;
  • Қаланың бес ауданында іс-шараларды өткізуге – 14,9 млн теңге;
  • Қаланың бес ауданын жаңа жылдық безендіруге – 99,3 млн теңге.

Ақмола облысы

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының ақпаратынша, 2025 жылы Көкшетау қаласында жаңа жылдық безендіруге және мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға 55,4 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражат қаланың қоғамдық кеңістіктерін безендіруге және жалпықалалық іс-шараларды өткізуге ғана бағытталады.

Сонымен қатар Көкшетау қаласында және басқа да елді мекендерде мерекелік атмосфера қалыптастыруға облыс кәсіпкерлері белсенді түрде қатысып жатыр.

Облыс көлемінде тұрғындар арасында аулаларды жаңа жылдық әсем безендіру бойынша байқаулар ұйымдастырылуда. Бұл бастама тұрғындардың шығармашылығын арттырып, мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталған.

Жамбыл облысы

Облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, Жаңа жыл мерекесін атап өту үшін облыс бойынша жалпы – 74 млн 615 мың теңге қаржы қарастырылған.

Нақтырақ мәлімет мынадай:

Тараз қаласы – 36 млн 978 мың теңге, Байзақ ауданы әкімдігі – 2 млн теңге, Жамбыл ауданы – 4 млн 487 мың теңге, Қордай ауданы – 2 млн 500 мың теңге, Меркі ауданы – 6 млн 800 мың теңге, Мойынқұм ауданы - 2 млн 500 мың теңге, Сарысу ауданы – 2 млн теңге, Т.Рысқұлов ауданында – 10 млн 150 мың теңге, Талас ауданы – 2 млн 200 мың теңге, Шу ауданы – 5 млн теңге.

Мерекеге орай негізгі іс-шара 31 желтоқсан күні өтеді. Бұл күні “Көне Тараз” тарихи-этномәдени кешенінде мәдени-көпшілік шарасын өткізу жоспарланып отыр.

“Көне Тараз” тарихи-этномәдени кешеніндегі алаңға биіктігі – 23 м шырша қойылады.

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының мәліметінше, облыс бойынша Жаңа жыл науқанын өткізуге жалпы – 77 433 225 теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражат Жаңа жылдық шыршаны безендіру жұмыстарына жұмсалады.

Облыстың қала, аудан әкімдіктерінің ақпараты бойынша:

Риддер қаласы – 5 000 000 теңге;

Алтай ауданы – 9 000 000 теңге;

Ұлан ауданы – 1 200 000 теңге;

Шемонаиха ауданы – 14 230 000 теңге;

Зайсан ауданы – 7 000 800 теңге;

Катонқарағай ауданы – 4 000 000 теңге;

Үлкен Нарын ауданы – 4 000 000 теңге;

Марқакөл ауданы – 6 000 625 теңге;

Самар ауданы – 1 000 900 теңге;

Күршім ауданы – 2 000 000 теңге;

Глубокое ауданы – 24 000 900 теңге қаражат бөлінді.

Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы берген ресми жауапқа сәйкес, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында “Аяз Ата, Ақшақар – 2025” халықаралық фестивалін, сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі балаларға арналған Жаңа жыл мерекелік іс-шараларын ұйымдастыру жоспарланған.

Бұл іс-шаралар аясында өтетін спектакльдер мен балаларға арналған Жаңа жыл шыршаларын ұйымдастыруға қажетті қаржы ШҚО драма және оперетта театрына бөлінген. Бұл қаражат мерекелік қойылымдарды дайындау, сахналық безендіру, шығармашылық ұжымдардың қатысуы және балаларға арналған мәдени-танымдық бағдарламаларды өткізуге бағытталады.

Ал ашық алаңдарда өтетін көше мерекелік акциялары, халықтық серуендер мен концерттік бағдарламаларды ұйымдастыру қалалар мен аудандардың әкімдіктері тарапынан жүзеге асырылады. Бұл іс-шаралар жергілікті бюджет қаражаты есебінен өткізіледі. Жаңа жылдық жиындар балалардың мәдени демалысын ұйымдастыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және өңір тұрғындары үшін мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға бағытталған.

Павлодар облысы

Павлодар облысының әкімдігінің мәліметінше, облыстың 3 қаласы мен 10 ауданында 2025 жылы Жаңа жылды мерекелеуге ресімдеуге 50,8 млн теңге қарастырылған.

Жаңа 2026 жыл қарсаңында 22-31 желтоқсан аралығында Павлодар облысы бойынша мәдениет мекемелерінде бекітілген кестеге сәйкес жаңа жылдық ертеңгіліктер, сондай-ақ мәдени-демалыс іс-шаралары, жаңа жылдық маскарадтар балы және басқа да мерекелік кештер ұйымдастырылады.

Павлодарда облыс орталығының орталық алаңында бас шырша қойылады.

Маңғыстау облысы

Биыл жаңа жыл мерекесін өткізу шеңберінде облыс аумағындағы 2 қала, 5 аудан және 58 ауылдың көшелерін мерекелік безендіру бойынша жұмыстарды іске асыруға жалпы құны 80 млн теңгені құрайтын қаражат көзделген.

Ресми ақпаратқа сәйкес, биыл қолданылатын жаңа жылдық безендірулердің көпшілігі жаңадан сатып алынғанымен, былтыр қолданылған заттарды да қайта жаңартып орнату жоспарда бар.

Айта кетсек, Маңғыстау облысында 2026 жылды қарсы алу мерекесіне орай өңірдің қалалары мен аудандарында кең ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған.

Батыс Қазақстан облысы

Жаңа жыл мерекесіне облыс бойынша (Орал қаласы мен облыс аудандары) 25 625 000 теңге қаржы бөлінеді.

Жаңа жыл мерекесіне орай облыста 23-24 желтоқсан аз қамтылған отбасылардың балалары мен мүгедектігі бар балаларға арналған шырша мерекелері, 25 желтоқсан Президенттік балалар шыршасы өткізілді. 31 желтоқсан күні облыс тұрғындарына арналған Жаңа жылдық мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.

Жетісу облысы

Жетісу облысының 2 қаласы мен 8 ауданында Жаңа жыл мерекесін атап өтуге 60 млн теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражатқа аз қамтылған (әлеуметтік осал санаттағы) және көпбалалы отбасылардың балаларына арналған Жаңа жылдық ертеңгіліктерде сыйлықтар табыстау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ осы қаражат есебінен халық көп жүретін қоғамдық орындарды түрлі-түсті шамдармен жарықтандыру, мерекелік фотоалаңдар мен жарық инсталляцияларын, шағын сәулет мүсіндерін, шыршалар орнатуға (оның ішінде мерекелік конструкцияларды орнату мен қызмет көрсету, арнайы техника мен персоналдың қызмет ақысын төлеуге) және өңір тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік көңіл-күй қалыптастыруға арналған өзге де қажеттіліктерге жұмсалады.

Айта кетерлігі, өткен жылдардағы Жаңа жылдық безендіруде пайдаланылған бұйымдардың көпшілігі жарамды күйде сақталғандықтан, биыл да сол бұйымдар қайта қолданылады, тек істен шыққандарын ғана жаңарту көзделген.

Атырау қаласы

Атырау қаласы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, Жаңа жылды қарсы алу бойынша мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру міндеті Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына жүктелді. Осы мақсатқа төмендегідей қаржы қарастырылған:

• биіктігі 18 метр болатын бес жаңажылдық шыршаны орнату және кейін демонтаждау - 25 млн теңге;

• Исатай-Махамбет алаңында мерекелік концерттік бағдарламаны өткізу - 9,4 млн теңге.

Қонаев қаласы

Қала әкімдігінің берген ақпаратынша, Қонаев қаласының тұрғындары мен балаларында мерекелік көңіл-күй мен бірлік сезімін қалыптастыру мақсатында жаңажылдық іс-шараларды өткізуге және қаланы безендіруге 28 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа орталық саябақты, орталық алаңды және негізгі қалалық көшелерді безендіру жоспарланған.

Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген қаражат шеңберінде жаңа жылға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар, басты жаңа жылдық шыршаны жағу салтанаты және “Ғимаратты ең үздік жаңажылдық безендіру” байқауын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Бұл іс-шаралар қала тұрғындары үшін мерекелік көңіл-күй сыйлауға бағытала отырып, “open space” форматында түрлі жанрды қамтитын мерекелік концерт, шоу-бағдарламалар, автомобильдер шеруі мен жаңа жылдық викториналар түрінде ұйымдастырылады.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысының әкімдігінің дерегінше, биыл Жаңа жылды мерекелеуге бюджеттен қаржыландыру қарастырылмаған. Қаланы және облыс аудандарын безендіру үшін былтырғы шыршалар мен бұйымдар пайдаланылады. Қаланың бас шыршасы “Қазақ халқына мың алғыс” стелласы алаңында орнатылады.

Мерекелік іс-шараларға келетін болсақ, жыл сайын облыс орталығында және аудандарда Жаңа жылға орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Қала бойынша 25-31 желтоқсан күндері мерекелік шаралар өтеді, атап айтқанда бас шыршаны жағу рәсімі, балаларға арналған жаңажылдық таңертеңгіліктер және басқа да мәдени-көпшілік іс-шаралар.

Абай облысы

Абай облысының ішкі саясат басқармасының мәліметі бойынша, 25-26 желтоқсан күндері “Ғажайыпқа толы жаңа жыл” атты Қазақстан Республикасы Президентінің және облыс әкімінің шыршасы ұйымдастырылады.

19-31 желтоқсан аралығында Абай атындағы театр труппалары кішкентай көрермендерге өздерінің жаңа жылдық ертегі қойылымдарын тарту етеді. Семей қаласында 22 желтоқсанда “Жасыл шырша, жарқыра!” атты театрландырылған қойылыммен бас шыршаның шамдары жағылады.

Ал 31 желтоқсанда Семей қаласында орталық алаңда және Мұхтар Әуезов алаңында “Төрлет, Жаңа Жыл!” атты мерекелік іс-шара өтеді. Іс-шара бағдарламасында театрландырылған қойылым, аниматорлардың қатысуымен шоу-бағдарламалар, қалалық шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Облыс бойынша жиыны 120-ға жуық мерекелік іс-шара өткізу жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы