Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау неге үміткер ретінде тіркеле алмағанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін Respublica партиясының көшбасшыларының бірі Сырымбек Тауды Орталық сайлау комиссиясы сайлаудан шеттеткен болатын.
Бүгін Сырымбек Тау осы шуға қатысты мәлімдемесін әлеуметтік желіде жариялады.
Ардақты Алаш, қадірменді Қазағым – екі-үш күн болды әлеуметтік желідегінің жел шығаратын жалғыз темасы Сырымбек Тау болып тұр... Мен Сіздерге мәселенің мән-жайын түсіндіре кетейін. 2004 жылы Қазақстанға көшіп келдім. 2006 жылдан бері тұрақты тіркеудемін. Мен оқыған ҚР Ата заңының 51-бабы, 4-ші тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын «және» оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады», деп анық жазылған. Конституцияда «ҚР азаматтығында тұратын» және деп тұр ғой! Қазақша ұғатын адам ретінде «азаматтығы бар адам» сайлауға қатыса алады деп тұр. Одан кейін жаңағы «және» деген сөзден кейін 10 жыл тұрақты тұратын деген екінші ой, екінші талап жазылған, - деп жазды ол.
Сырымбек Тау Ата заңның осы сөзіне сүйене отырып, құжат тапсырғанын айтады.
Қазақстан Республикасының құжаты 2013 жылғы тамыздың 8 күні қолыма берілді. Бірақ Конституцияда төлқұжат деп тұрған жоқ қой. Онда «азаматтығы бар адам және». Елде 10 жыл тұрақты тұрған адам деп жазулы тұр! Айналып келгенде, мен ҚР азаматымын! Ол аздай 10 жылдан артық ел аумағында тұрдым. Әлі де аман болсам тұра беремін! – деді Сырымбек Тау.
Respublica партиясының мүшесі ОСК-ның қай заңның қандай талабына сүйенгенін білмейтінін айтып, төлқұжат алған күніне қарап өзін сайлаудан шеттеткенін мәлімдеді.
«Орталық сайлау комиссиясы маған қиянат жасап, әдейі бұрмалады» деуден аулақпын. Бірақ келесі Парламентте отыратын азаматтар осындай әркім әртүрлі түсінетін заңдарды түзейді деп сенемін. Кешелі бері «Сырымбек өзінің тексерістен өтпейтінін біле тұра не үшін сайлауға қатысады, жұртты босқа дүрліктіреді» деп жатқан «тілеулестеріме» заңның шикі тұсын ашып оқуға кеңес беремін, - деп сөзін қорытындылады ол.