Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сыртқы саудаға шолу: Қазақстан қай бағытқа бет алды?

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 18:18
108
Бөлісу:

Сауданы цифрландыру, өңделген өнім экспортын арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау – 2030 жылға дейінгі жаңа сауда саясатының негізгі басымдықтары. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген ресми жауабында осылай деп мәлімдеді.

2030 жылға дейінгі сауда саясаты бекітілді. Мұнда қандай жоспар бар?

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі сауда саясатының тұжырымдамасын  әзірледі. ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 27 қарашадағы №1013 қаулысымен бекітілген.

Тұжырымдама 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының ЖІӨ-ні 450 млрд АҚШ долларына жеткізуді, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі экспортының үлесін 2029 жылы 37,9%-ға дейін арттыруды көздейді. Сонымен қатар құжат цифрлық технологияларға, сауда процестерінің жоғары тиімділігіне, адал бәсекелестік қағидаттарына, тұтынушылардың мүдделерін қорғауға және отандық тауарларды ілгерілетуге негізделген сауда экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Сауданы дамытудың үш негізгі бағыты қандай?

Тұжырымдама сауданы дамытудың үш негізгі бағытын көздейді.

Біріншіден, сауданың цифрлық трансформациясын, заманауи және ұйымдасқан форматтарды дамытуды, сондай-ақ жасанды интеллект негізінде инновациялық технологиялар мен аналитиканы енгізуді көздейтін қазіргі заманғы сауданың экожүйесін қалыптастыру.

Екіншіден, ішкі нарықты қорғау және қосылған құны жоғары экспортты ілгерілету арқылы отандық өндірістің өсуі мен экспортты дамыту үшін жағдайлар жасау.

Үшіншіден, тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты қорғау, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету. Бұл бағытта қауіпсіздік пен сапаны арттыру тиімді нормалау, бақылау, мониторинг және сертификаттау арқылы жүзеге асырылады.

Сыртқы сауда – теңгерімді және көпвекторлы саясат

Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық саясаты Мемлекет басшысы айқындаған теңгерімді, прагматикалық және көпвекторлы сыртқы экономикалық курсқа сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық, оның ішінде екіжақты форматтағы өзара іс-қимыл жүйелі әрі дәйекті негізде дамуда.

Қазақстан тарапынан жекелеген елдерге қатысты нақты артықшылықтар немесе басымдықтар белгіленбейді. Екіжақты ынтымақтастық серіктес мемлекеттермен қол жеткізілген уағдаластықтарға, өзара экономикалық қызығушылыққа және ұлттық мүдделерге негізделеді, – делінген жауапта.

Көршілес елдермен байланыс күшейді

2025 жылы көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық іс-шаралар өткізілді.

Қырғыз Республикасы, Армения Республикасы, Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасымен үкіметаралық комиссиялар, кеңестер мен форумдар аясында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралып, тиісті хаттамалық құжаттар қабылданды.

Аталған алаңдарда сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту, экспорттық әлеуетті ілгерілету, өзара жеткізілімдерді арттыру және қолайлы сауда жағдайларын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Экспорттық акселерация: 8 басым нарық

Экспорттық акселерация бағдарламасы аясында 2025 жылы басымдық нақты экономикалық есепке және компаниялардың практикалық экспортқа шығу әлеуетіне негізделген 8 мақсатты нарыққа берілді. Бұл нарықтар сұраныс көлемі, логистикалық қолжетімділік, тарифтік және тарифтік емес шарттар, сондай-ақ шикізаттан тыс өнімдер мен қызметтерді ілгерілету мүмкіндігі тұрғысынан таңдалды.

Жедел нәтиже беретін нарықтар

Бірінші топқа Ресей, Өзбекстан және Қытай кірді. Бұл елдер қазақстандық өндірушілер үшін географиялық жақындығымен, қалыптасқан сауда байланыстарымен және өңделген өнімдерге, азық-түлікке, машина жасау мен жеңіл өнеркәсіп тауарларына тұрақты сұранысымен ерекшеленеді.

Экспорттық акселерация бұл нарықтарда компанияларға жедел келісімшарттарға шығуға және экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоғары маржиналды нарықтар

Екінші топқа Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Еуропа елдері енгізілді.

Бұл нарықтарда сапа, стандарттау және сертификаттау талаптары жоғары болғанымен, қазақстандық қайта өңделген өнімдер, агроөңдеу, химия, құрылыс материалдары және қызметтер экспорты үшін айтарлықтай өсім әлеуеті бар.

Перспективті бағыттар

Үшінші топ – перспективалы әрі өсіп келе жатқан нарықтар.

Түркия мен Пәкістан аймақтық хаб ретіндегі рөлімен және халық санының көптігімен ерекшеленеді. Бұл елдер қазақстандық өнімдерді үшінші нарықтарға қайта шығару мүмкіндігін де береді.

Осылайша, 2025 жылғы экспорттық акселерация бағдарламасындағы нарықтық басымдықтар шикізатқа тәуелділікті төмендетуге, өңделген өнімдер мен қызметтер экспортын ұлғайтуға және қазақстандық компаниялардың сыртқы нарықтардағы орнықтылығын арттыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы