Қазақстан билігі Ресей мен Украина арасындағы жанжалдың бейбіт жолмен шешілгенін қалайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері ресми өкілге Курск облысындағы жағдайға байланысты сұрақтар қойды.
Шынында да, бүгінде бүкіл әлем Ресей Федерациясының Курск облысының жекелеген аудандарындағы жағдайға алаңдап отыр. Қазақстан барлық елмен БҰҰ Жарғысында бекітілген мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын нақты сақтау қажеттігін әрдайым айтып келеді. Осыған байланысты біз саяси-дипломатиялық құралдарды кеңінен пайдалана отырып, мемлекеттер арасындағы барлық қақтығысты тек қана бейбіт жолмен шешуді дәйекті түрде қолдаймыз. Сонымен қатар өзара қолайлы шешімдерді сындарлы түрде табуға бағытталған халықаралық қоғамдастықтың барлық күш-жігерін құптаймыз, - деді Айбек Смадияров.