Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсыновтың Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Чжан Сяомен кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестіктің өзекті мәселелерін, оның ішінде алдағы жоғары деңгейдегі іс-шараларды талқылады.
Тараптар екіжақты тетіктер шеңберінде және БҰҰ, ШЫҰ мен АӨСШК сияқты көпжақты алаңдарда өзара іс-қимылдың жанданғанын қанағатпен атап өтті.
Биыл қазанда Нұр-Сұлтан қ. АӨСШК Саммитін сәтті өткізуге, сондай-ақ келесі жылы Қазақстанда алғаш рет ұсынылған «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай бірқатар бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Келіссөздер соңында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтіп, екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын растады.