Сыртқы істер министрінің орынбасары Бразилия Елшісін қабылдады

3 Қыркүйек 2024, 08:20
389
Бөлісу:
Сыртқы істер министрінің орынбасары Бразилия Елшісін қабылдады
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Бразилияның Елшісі Рубем Корреа Барбозаны оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орaй қабылдады.

Кездесу қарсаңында дипломаттар ҚР СІМ ғимаратында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын онлайн тыңдап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған негізгі ережелерін талқылады.

Кездесу аясында бразилиялық дипломатқа екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің алғыс хаты табыс етілді.

Тараптар бүгінгі таңда Қазақстан мен Бразилия екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын өзара атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарға ерекше көңіл бөлінді. Қазақ дипломаты бразилиялық спортшыларға 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сәттілік тіледі.

Кездесу соңында Елші Р. Корреа елімізде болған жылдар барысында жылы қабылдау алғаны үшін алғысын білдірді.

Бразилия – Қазақстаның Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі мемлекеттер арасында негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2024 жылғы қаңтар-шілде айларында екіжақты тауар айналымы 143,7 млн АҚШ долларын құрады.

Өзгелердің жаңалығы