Сыртқы саяси зерттеулер институты бір жылдық жұмысын қорытындылады

25 Желтоқсан 2020, 21:46
1291
Бөлісу:
Сыртқы саяси зерттеулер институты бір жылдық жұмысын қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Сыртқы саяси зерттеулер институтты» АҚ-ның 2020 жылдағы жұмыс нәтижесінің қорытындысы туралы отырысы өтіп, оған Институттың Директорлар кеңесін басқаратын ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров және ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.

Іс-шара аясында «ССЗИ» АҚ Басқарма төрағасы Айымдос Бозжігітов ағымдағы жылы Институттың Қазақстан үшін айтарлықтай қызығушылық тудыратын өзекті мәселелер бойынша жүргізген көлемді және жан-жақты ғылыми-талдамалық жұмысы туралы есеп берді.

Басқарушы органдарға жүйелі түрде ұсынылатын және елдің сыртқы саясатының ағымдағы бағыттарын іске асыру бойынша практикалық ұсыныстарды әзірлеу кезінде ескерілген болжамдық-талдамалық құжаттардың мақсатты бағыты атап өтілді.

Бұл құжаттардың қатарына геосаясат, экономика, энергетика, адам құқығы, экология, көші-қон, қауіпсіздік және екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың басқа салалары кірді.

Сенат Вице-спикері өз сөзінде Институттың жұмысын оң бағалап, оның құрамы тәжірибелі дипломаттардан, оның ішінде төтенше және өкілетті елшілерден тұратын топтың жоғары кәсібилігін атап өтті.

Бұл жұмыс қазіргі заманғы сын-қатерлер аясында іс-қимыл бағдарламасы болып табылатын 2020-2030 жылдарға арналған еліміздің Сыртқы саяси тұжырымдамасының ережелеріне негізделген. Осыған орай, келесі жылы Институт мемлекет басшылығы алға қойған міндеттерді ескере отырып, жұмыстың басым бағыттарын анықтауы керек.

ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің өзектілігін атап өтіп, «шиеленіс пен мемлекетаралық қатынастарда өзара сенімсіздік жағдайында тұрақты даму мен ілгерілеу мүмкін емес» деп атап өтті.

Қазіргі жағдайда аумақтық тұтастық пен егемендікті қамтамасыз ету мәселелеріне және оны мазмұнды толтыруына ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ, шекарааралық қатынастар, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, есірткінің заңсыз айналымына, адам саудасына қарсы күрес саласындағы аймақтық ынтымақтастықты жетілдіру өте маңызды. Жоғарыда аталған күн тәртібі Мемлекет басшысының АӨСШК-ны Азиядағы қауіпсіздік пен дамудың толыққанды ұйымына айналдыру жөніндегі жоспарлары аясында ерекше мәнге ие болады, - деді А. Шәкіров.

Министр М. Тілеуберді жылды қорытындылай келе, Институттың жаһандық саясаттың, әлемдік экономиканың және халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі тенденцияларын зерттеудегі жоғары нәтижелерін, сондай-ақ елдің ұлттық мүдделерін тиімді қорғау үшін әлемдік және аймақтық процестерге жоғары сапалы сараптама жүргізу маңыздылығын атап өтті.

Институтқа Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерімен, сондай-ақ шетелдік зерттеу орталықтармен тығыз және тұрақты байланыс орнату ұсынылды.

Кездесу нәтижесінде «ССЗИ» АҚ өзін елдің сыртқы саясатына сараптамалық қолдау көрсету үшін «ой-талқы орталығы» ретінде танытты деген жалпы пікір айтылды.

Өзгелердің жаңалығы