Қызылорда облысының құқық қорғау саласында 300-ге жуық нәзік қызмет етеді, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілішісі.
Қазақ арулары сан салада қызмет етіп жүр. Бірі қоғам тыныштығын күзетуге атсалысса, енді бірі жолаушылардың діттеген жеріне еш уайымсыз жетуіне үлес қосып жүр. Тағы бірі тілсіз жауға қарсы күресуде. Үйде отбасының ұйытқысы болған бұл нәзікжандар, жұмыста ерлермен бірге ел үшін қызмет етеді. Жұмыстағы бір күні екінші күніне ұқсамайтын арулардың еңбегі мен қызметі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні ерекше еленіп жататыны бар.
Қызылорда облысындағы құқық қорғау саласында 300-ге жуық қыз-келіншек қызмет етеді. Олар ел тыныштығын күзетіп, қоғамдағы тәртіпті сақтауға атсалысып келе жатыр. Солардың бірі Жалағаш аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыс тобының инспекторы Айгерім Кенжебай.
«Отанға қызмет ету – міндетім» деп санайтын инспектор өз ісіне адал, әрбір іске әділ қарайды.
Өз сертіме адалдық танытамын. Біздің қызмет халықтың тыныштығын күзету, қажетті жерінде батылдық пен батырлық таныту. Ес білгеннен бастап құқық қорғау саласына қызығушылық таныттым. Бала күнгі арманым осы салаға жетелеп, мамандық таңдаудан қателеспегеніме күн сайын көзім жетуде, - дейді полиция лейтенанты.
Ерлермен қатар иық тіресе жұмыс істеп келе жатқан полиция лейтенанты әр қызметтің өзіндік қиындығы мен қызығы бар екенін айтып өтті.
Антқа адалдық таныту, Отанға мүлтіксіз қызмет ету арқылы өз ісіңнің қиындығын оңай еңересің. Құқық қорғау саласында ер немесе әйел заты деп бөлінбейді. Барлығы бірдей ел үшін қызмет етеді. Күндіз-түні ерлермен бірдей тең дәрежеде жұмыс істейміз, - дейді Айгерім Кенжебай.
Полиция қызметкері бос уақытында спортпен айналысады. Ол дзюдо мен самбоға қызығушылық танытқан. Қазіргі таңда Айгерім Ерболатқызы дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер.
Көпшіліктің жүрегі дауаламайтын мамандықтың бірі – өрт сөндіру қызметі. Аймақтағы осы салада да біршама нәзікжандар қызмет атқаруда. Қауіпті мамандықтан кері айналмай, керісінше тілсіз жаудың арасынан шыққан жандарға психологиялық көмек көрсетіп, олардың үрейден толық арылуына жағдай жасайтын мамандар елдің ықыласына бөленіп келеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Сымбат Алтынбекқызы тәулік бойы елге қызмет етуге дайын. Қызметі ерлерге бергісіз Сымбат қазіргі таңда Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің бас маман-полиграфологі, азаматтық қорғау подполковнигі.
Педагог-психолог мамандығын 2008 жылы бітіріп, осы жылы аймақтағы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөліміне қызметке тұрып, жұмысымды бастадым. Тәулігіне 24 сағат өрттің алдын алу, оны жою жұмыстарымен айналысамыз. Түн ішінде орын алған оқыс оқиға кезінде де көмекке зәру халықтың жанынан дер кезінде табыламыз. Бұл біздің басты міндетіміз. Үздіксіз қызмет ету, өрттен аман қалған жандарға психологиялық көмек көрсету, оларға барынша қолдау жасау – менің жұмысым, - дейді Сымбат Алтынбекқызы.
Психолог Сымбат Алтынбекқызы төтенше жағдайлар департаментінде қызмет ету оңай емес екенін білгенімен, өз ісіне қызығушылығы мен қажырлы еңбегінің арқасында абыройлы жұмыс істеп келеді. Кейіпкеріміз өз сөзінде салада орын алып жатқан жаңалыққа да тоқталып өтті.
Бұған дейін М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы тек ер балаларды оқытатын. Биылдан бастап бұл жоғарғы оқу орны қыз балаларды да қабылдап бастады. Төрт жыл оқуды аяқтаған қыздар лейтенант шенін алып, қызметке орналаса алады. Оқу орнының бұл жаңалығы қыздардың ерлермен қатар еңбек етуіне мол мүмкіндік береді, - дейді Сымбат Алтынбекқызы.
Көпшіліктің қызығушылығын танытатын мамандықтың бірі – әуе бортсерігі. Шағын чемоданымен әуежай ішінен тік жүріп өтетін қызметкерлердің жұмысы кім-кімнің де болмасын қызығушылығын туғызатыны анық. Әйтсе де, өзгелерге қызық болған мамандықтың жауапкершілігі зор екені сөзсіз.
Қорқыт ата әуежайының Жолаушыларға қызмет көрсету және жүк тасымалдау бөлімінің қызметкері Ғазиза Тойқожа жолаушылардың қауіпсіздігі әуе бортсерігінің басты міндеті екенін айтып өтті.
Әуежай қызметкерлеріне қойлатын талап өте жоғары. Біздің міндетіміз – ұшаққа мінген әрбір жолаушының қауіпсіздігін сақтау, оларға жоғары дәрежеде қызмет көрсету. Бортсеріктері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруі керек. Жолаушылардың жүктерін тасымалдауға көмек көрсету қажет. Бұл талаптардың ең негізгілері болып табылады, - дейді Ғазиза Маратқызы.
Әуе бортсерігі өзінің қызметі ерекше ұнайтынын айтып өтті. Ғазиза Тойқожаның бұл салаға келгеніне бір жылдан асқан. Ол осы уақыт аралығында біршама тәжірибе жинап, өз ісіне төселген.
Пойыздағы жолсеріктерге артылған жүк әуе бортсерігінің жауапкершілігінен аз емес. Олар да жолаушыларға қалтқысыз қызмет етіп, әрбірінің қауіпсіздігіне жауапты.
Пойыз жолаушыларының қауіпсіздігін алдыңғы қатарға қойған Қызылорда Теміржол вокзалының қызметкері Камила Кенжебекова алты жылдан астам уақыттан бері осы салада еңбек етіп жүр. Нәзік жан жауапкершігі зор мамандықты иеленіп, шойын жолдағы жолаушылардың діттеген жеріне жеткенінше қызмет етеді.
Темір жол вокзалына келген жолаушылардың пойызға отырып, олардың мақсатты жеріне жеткенінше қызмет ету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету менің жұмысым. Сонымен қатар вокзалда хабарлаушы қызметін де атқарамын. Келе жатқан пойыздың қай жолға тоқтайтынын, қай бағытта бара жатқанын, қай уақыттан жүретінін хабарлаймын. Вокзалдағы жолаушылар хабарлаушының сөзін мұқият тыңдап тұратындықтан, олардың қауіпсіздігі, дұрыс ақпарат ала алуы менің жауапкершілігімдегі іс. Сондықтан өз ісіме мұқият қарап. Тиянақтылық танытамын, - дейді Камила Қозыбайқызы.
Қазіргі таңда қыздардың көлік жүргізуі таңсық емес. Дегенмен темір тұлпарды да жүрегі дауалағандар ғана тізгіндейді. Ал үлкен техниканы әйел адамның жүргізуі, оның ішінде кранның рөлінде отыру, ауыр заттарды бір орыннан екінші орынға қоюы таңқаларлық іс.
Қызылордалық Фая Шакурова елу жылдан астам уақыттан бері кран жүргізіп келеді. Ол 1977 жылдан бастап «Alaqeum electric» компаниясының «КСМ KZ - 2022» ЖШС-де кран айдайды.
Жарты ғасырдан бері кран рулінде отырмын. Басты талап өз ісіңе жауапкершілік болу қажет. Компаниядағы адамдардың қауіпсіздігін де естен шығармау қажет. Себебі кранмен зат түсіргенде затты түсіріп алушылармен тығыз байланыста отыру қажет. Кез келген уақытта бөрене, плиталар түсіреміз. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, - дейді Фая Шакурова.
Кран жүргізуші нәзікжан қазіргі таңда зейнетке шыққан. Десе де, ол әлі күнге жұмыс басында, кранны рөлінде отыр. Бүгінде жұбайы Әли Сәрсеновпен бірге 4 баласын өсіріп, олардан 14 немере сүйген. Отағасы да осы серіктестікте жүргізуші болып жұмыс істейді.
«Маған ақша маңызды емес» десем ешкім сенбес. Бірақ шындығы сол. Балаларым мен жұбайым үйде отыр, немерелерге қара дейді. Бірақ мен өз ісімді жақсы көремін. Тек жақсы көріп қана қоймай, оның жауапкершілігін де сезінемін. Үйде отырғым келмейді. Сондықтан жұмыстан алыстағым келмейді. Денсаулығым да жақсы. Жалпы, үйренген жұмысым болғандықтан, барлық техникалық ережелерін білгендіктен, жұмыстан қашпаймын. Шамам келгенше жұмыс істей беремін», - дейді кран жүргізушісі.
Фая Шакурова кран айдау тек ерлердің жұмысы дегенмен келіспейді. Ол мұндай еш жерде жазылмағанын айтады.
Бүгінгі кейіпкерлер елге сан салада қызмет көрсеткенімен, оларға ортақ іс халықтың қауіпсіздігін сақтау. Сонымен қатар әрбірінің жұмысы ерлерге тән десек те, олардың ешбірі өз ісін ауыр деп санамайды. Керісінше, ел алдындағы міндетім деп біледі.