Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сырдарияның төменгі ағысында су тапшылығы сезіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға бекітілген 4 млрд текше метрлік лимиттен 100 миллиондай су кем алынған.
Енді диқандар егіс алқаптарын кезек-кезек суғарып, пайдаланылған суды егістікке қайта жіберу арқылы алынатын өнімнің ықтимал шығындарын азайтуға талпынады. Дегенмен, нәтиже ойдағыдай емес. Сондықтан Сырдарияның теңізге құяр сағасында отырған егіншілер жаңбырлатып суару технологиясына көшіп жатыр.
Шөлейтті аймақта орналасқан Қазалы ауданы егістігінің 35%-ы қатты, 65%-ы орташа тұзданған. Яғни алқапты суарған кезде пайдаланылған судың басым бөлігі топырақ тұздылығын шаюға кетеді. Мына бос жатқан 87 гектарлық аумақты игеруге кіріскен шаруалар «басында құнарсыз жерден қалай дән шығарамыз» деп бас қатырды. Іздене келе, жоғары технологиялық шешімдерді тауып, шетелдік жаңбырлатып суару жүйесін орнатты.
Спринкерлік жүйе бойынша 2 метр тереңдікке дренажды құбыр жүргізілген. Ол шайылған тұзды суды егістіктен шығарады және жерасты суларының көтерілуіне кедергі болады.
Бір сағатта 1 шаршы метрге 8 литр су кетеді. Бір жағы суды үнемдеу, тұзды жуу үшін қазір 24 сағат суардық. 10 күн болды суарып жатқанымызға. Тыңайтқыш, аммофос, гербицидін төгіп, 400 тоннадай малдың қиын төктік. Соқамен жыртып, тегістеп, тырмалап жүйеге келтіріп, дайындап қойдық. Әр гектарынан 450 центнер өнім алсақ деп отырмыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Жеңіс Қарабалаев.
Бірер күнде алқапқа 2,5 тонна сүрлемдік жүгері егіледі. Таңертең және кешкілік суарылып, әбден бапталған мал азығы 1200 бас сиыр өсірілетін тауарлы сүт фермасына беріледі. Тамыздың соңында орып алынатын жүгерінің орнына қара бидай дәні себіледі. Оның өнімі ерте көктемде жиналады. Осылайша, әртараптандыру бағыттары жүзеге асырылмақ.
Судың тапшылығына байланысты аздап егіс көлемін қысқартып отырмыз. Аудан бойынша биыл 17685 га жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 6637 га күріш егіп, 1 маусымда суға бастырамыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Қуатов.
273 миллион теңгенің жаңбырлатып суару жүйесін көшіріп, өзге құнарсыз аумақтарды нәрлендіруге болады. Сыр өңірінің ерекше климаттық жағдайларында күріштің мелиоративтік-экологиялық және экономикалық маңызы зор. Егер аймақта күріш көлемі күрт төмендетілсе, инженерлік тегістелген жерлердің екінші тұздануына әкеп соғады. Сондықтан 100 мың гектардан астам алқаптың ирригациялық және дренаждық жүйесін, 29 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жобалары іске асырылмақ.