Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны талқыланды

1 Наурыз 2019, 16:38
4852
Бөлісу:
Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны талқыланды
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласында "Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны" тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтуде.

Сыр өңірінің тарихы, көне қалаларын зерттеп-зерделеу бағытында танымал отандық және шетелдік археологтар, жергілікті ғалымдар ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі конференцияда сол еңбектің нәтижесі, ғылыми пайымдар айтылуда.

Түркітанушы Амантай Шәріптің айтуынша, аңызда Жанкент қаласы "жылан сорған қала" делінеді.

"Қалай десек те, Жанкент оғыз билеушілерінің резиденциясы болған. Әбілқайыр хан Жанкенттің стратегиялық маңызын түсініп, орыс патшасына сол жерге қала салуды ұсынған. Арынғазы ханды біреу білсе, біреу білмес. Ол да Жанкентте сарай салдырған көрінеді. Жанкент – бүкіл адамзат маңызы зор қала", – деді Амантай Шәріп.

Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қалашығын Германияның Тюбинген университетінің профессоры Генрих Харке бастаған ғалымдар зерттеуде.

"Жанкент қаласының тарихы сонау 7 ғасырдан басталады. Жанкентте бірнеше этнос өмір сүрген. Қаладан үш түрлі мәдениеттің болғанын айғақтайтын бұйымдар табылды. Алдағы уақытта Жанкент қаласының сыртқы жағы зерттелмек. Жанкенттен көптеген аңдардың сүйектері табылды. Орта Азиядағы ең алғашқы мысықтың сүйегі болып табылады", – дейді Генри Харке.

Сырбойылық археолог ғалым Әзілхан Тәжекеевтің айтуынша, Ресейде Жанкент қалашығынан табылған 700-ге жуық бұйым сақталып тұр.

"Ежелгі қаладан әшекей бұйымдар, қыш құмыралар табылған. Табылған бұйымдарда арыстанның, қоянның, қызғалдақтың суреті бар. Жетіасар мәдениетіне жататын тағы бір бұйым – музыкалық аспап домбыра. Аспапта қасқырдың суреті ойылып салынған. Қазақтың шертер мен домбыраның қосындысын қоссаз деп атайды. Табылған аспаптың ұзындығы 65 см. Демек бұл аспап қоссаз домбыра болуы мүмкін. Жетісар мәдениетінде домбыраның ежелгі түрлері болғанын дәлелдейді.Аспап біздің заманымыздың 4 ғасырға жатады. Егер осы деректі нақтылай алсақ, Сыр өңірінде бабадомбыра табылды деген сөз", – деді Әзілхан Тәжекеев.

Фольклортанушы Шәкір Ибраев Қорқыт ата кітабының Дрезден және Ватикан нұсқаларындағы жырлардың саны әртүрлі екенін жеткізді.

"Кітапты Қорқыт жазбаған. Қорқыт аңызды жырмен жеткізген. Ол бақсы ғана емес, оғыз бен қыпшақтардың кеңесшісі болған. Өз дәуірінде Қорқыттан асқан кемеңгер болмаған. 16 ғасырдың өзінде түркі халықтарында проза мен поэзия қатар дамыған", - деп атап өтті ол.

Түркия елінен арнайы келген ғалым Хулия Касапоглудың пайымынша, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бүкіл түркі халықтарына арналған.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – бүкіл түркі жұртының көшбасшысы. Біз де рухани жаңғырып жатырмыз. Ақмешіт астана болған кезеңде Алаш қайраткерлерінің алғашқы кітаптары осы жерде жарық көрген. Міржақып Дулатұлы іздеп келген, қиналған шәкірттеріне жалақысынан қаржы беріп отырған екен. Сыр өңірі – Алаш қайраткерлерінің атамекені. Оян, қазақ – бүкіл түркі жұртына арналған сөз! " – деді түрік ғалымы.

Хажы Байрам Вели (Түркия) университетінің профессоры Өжал Огуз Қызылордада Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілгені туралы сертификат ілініп тұруы керек деп санайды. Өйткені, Қорқыт – бүкіл адамзаттың данышпаны.

Ал филолог ғалым Бағдат Кәрібозұлы Сыр сүлейлерінің шығармаларын кең көлемде насихаттау қажеттігін айтты.

"Сыр елі – жыр елі" деген сөздің мән-маңызын ашу үшін сүлейлер шығармаларын дәріптеуіміз керек", – деді ол.

Айта кетейік, Қызылорда облыстық "Рухани жаңғыру" орталығы ұйымдастырып жатқан ғылыми конференциямен қатар "Архив-2025" бағдарламасы аясында көне кітаптар көрмесі өткізілуде. Көрмеде зерттелмеген немесе аударылмаған көне ғылыми еңбектер таныстырылды.

Өзгелердің жаңалығы