"Сыпсың-сыпсың өсек айтпай, еңбек еттім" – Ханбибі Есенқарақызы өзіне қатысты сынға жауап берді

Бүгiн, 18:42
1781
Бөлісу:
"Сыпсың-сыпсың өсек айтпай, еңбек еттім" – Ханбибі Есенқарақызы өзіне қатысты сынға жауап берді
Фото: BAQ.KZ

Ақын Ханбибі Есенқарақызы жазушы Дулат Исабековтің қаралы жиынында сөйлеген сөзіне қатысты сын айтқан Бақытжан Бұқарбайға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақын Ханбибі Есенқарқызы Бақытжан Бұқарбайды танымайтынын айтып, өзіне қатысты жазбаға қайран қалған.

Сыйлайтын адамым болғандықтан, Дулат ағаның қаралы жиынына қатысу үшін жасымның егделігіне қарамай, таңғы бестегі ұшаққа отырып, түн жамылып үйіме жеткенім, таңертең фейсбуктегі маған бағытталған кінәлап жазылған постты оқып, қайран қалып отырмын. Мені "көңіл айтпады" деп кінәлайды. Ертерек барған соң ағаның туған-туыстарымен құшақтап көрісіп, "қазаның артынан қайырын берсін" деп жұбату сөзін айтқанымда, әттең жанымда Бақытжан Бұқарбаевтың болмағаны "өкінішті-ақ". Іздеп тауып алар ма едім, әттең оны танымайды екенмін. Сенің "сөз алғанда" емес, "сөз бергенде" деп айтқаның орынды болар ма еді?! Өйткені мен алқалы топта "шешендігімді, көсемдігімді" байқатып қалуға тырыспайтынмын, - деді ол.

Ал сыйлыққа байланысты айтылған әңгімесінің астарында бөлек мән жатқан жеткізеді.

Мына жерде, "сыйлықты" әңгіме етейін деген ойым жоқ еді, Дулат ағаның менің прозаға келуіме септігін тигізгендігін, повесімді оқып болып, "құттықтаймын" дегенін тіптен "Үркер" бағдарламасында Смағұл Елубаев екеуінің берген бағасын (дәлел керек болса), ол кісінің рухани қолдауын, қамқорлығын жеткізейін деген ой болатын. Оны не үшін айттым? Мемлекеттік сыйлықтағы комиссия мүшелерінің "ол ақын ғой (бір өлеңімді оқымаса да), прозада несі бар?" дегендердің құлағына қыстыра кетейін дегендік еді. Өйткені сол комиссия мүшелері түгелімен сонда отырған. Иә, мен ауылданмын. Сыпсың-сыпсың өсек айтпай, сол ауылда жүріп, аянбай еңбек еттім. Алған наградаларым сол еңбектің өтеуі. Ақ үй жағалап, тамыр-таныс іздеу – менің табиғатыма жат нәрсе, - деді ақын.

Ақын үлкендерге құрмет көрсету керегін де айтып өтті.

Сондықтан да, тырнақ астынан кір іздеуден гөрі басқа нәрсемен айналысқандарың жөн. Сосынғы айтайын дегенім, жасы үлкен әріптестерге орынды-орынсыз тиісе беруді доғарыңдар! Ертең сендердің де келетін жасың! Әрине жете алсаңдар... Апалық ақылым – ерікті ауызға бөрікті бас сиятыны естеріңде болсын. Содан кейін "испанша күлесің бе, үндіше күлесің бе, күле беріңдер, күле беріңдер! Күлкі арзан! - деді Ханбибі Есенқарақызы.

Өзгелердің жаңалығы