Қазақстан мектептерінде пән мұғалімдері сабақ берумен қатар, сынып жетекшілігін де қатар алып жүреді. Бұл – қосымша жауапкершілік. Сонымен BAQ.KZ тілшісінің материалынан сынып жетекшісінің міндеттері қандай екенін біле жүрейік.
Сынып жетекшісі деген кім?
Сынып жетекшісі – оқушылардың тәрбиесімен айналысатын, ата-анамен байланыс орнататын, сыныптағы ахуалды бақылап, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мұғалім. Ол мектеп директорының бұйрығымен тағайындалады.
Сынып жетекшінің басты міндеттері:
- Оқушыларды салауатты өмір салтына баулу;
- Отанды сүюге, табиғатты қорғауға, үлкендерді құрметтеуге тәрбиелеу;
- Сыныпта достық пен түсіністік орнату;
- Балалардың жауапкершілігін арттыру және ұжымда жұмыс істеуге үйрету;
- Оқушылардың тұрмыс жағдайын білу;
- Ата-аналармен тұрақты байланыста болу (жиналыстар, кеңестер, тренингтер өткізу);
- Әр аптада сынып сағатын өткізу;
- Оқушылардың оқу үлгерімі мен тәртібі туралы ата-аналармен жұмыс істеу;
- Мектеп әкімшілігін сыныптағы тәрбие жұмысының барысымен хабардар етіп отыру.
Сынып жетекші қандай жұмыстар атқарады?
- Ұйымдастыру: жылдық жұмыс жоспарын жасау;
- Анализ жасау: әр оқушының ерекшелігін зерттеу, сыныптың үлгерімін бақылау;
- Қарым-қатынас орнату: мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар арасында байланысты нығайту;
- Бақылау: оқушылардың сабаққа қатысуын, киім киісін, психологиялық күйін бақылау.
Жұмыс формалары:
- Жеке жұмыс: жеке әңгімелесу, кеңес беру;
- Топтық жұмыс: оқушыларды шағын топтарға бөліп, белсенді ету;
- Ұжымдық жұмыс: сыныппен бірге іс-шаралар өткізу (жарыстар, концерттер, жорықтар және т.б.).
Қашықтан оқу кезінде сынып жетекшісі ата-аналарға оқыту процесі туралы ақпарат беріп, балалармен кері байланыс орнатуға көмектеседі.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі "Мұғалімдерге сынып жетекшілігі үшін қанша төленеді?" деген сұраққа жауап берген болатын.