Бұл сын орынды – Аймағамбетов ұстаз дайындаудағы кемшіліктерді атады

8 Қыркүйек 2020, 16:01
2942
Бөлісу:
Бұл сын орынды – Аймағамбетов ұстаз дайындаудағы кемшіліктерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook-тегі парақшасында мұғалімдерді даярлау мәселесі жөнінде жазба қалдырды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында мектептердің білім беру сапасын арттыруды тапсырды. Бұл мақсатқа біліктілігі жоғары мұғалімдерді даярлау жүйесін енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Осы мәселе туралы сөз қозғайық. Болашақ ұстаздарды дайындаудың қолданыстағы жүйесі, әсіресе, жоғары оқу орындарында берілетін білім сапасы жиі сынға алынып жатады. Бұл сын орынды. Ескірген оқу бағдарламаларын, оқу барысында практикадан өту кезіндегі салғырттықты айтпағанда, статистикалық көрсеткіштердің өзінен бұл проблемалар айқын көрінеді. Сарапшылардың айтуынша, орта білімнің сапалы болуының негізгі құрамдас бөліктері – мұғалімдік жұмыстың тартымдылығы, осы мамандыққа түсушілер арасындағы бәсекеге қабілеттілік, оларды оқуға қабылдау барысында мұқият іріктеу және білім беру бағдарламаларының сапасы. Бұған Финляндияның тәжірибесі жақсы мысал бола алады. Ал біздің елімізде бұл мамандықты «әлсіз» түлектер таңдап, университетке түсіп, диплом алған соң, мектепке жұмысқа орналасқан жағдайлар да бар. Мұндай «маман» сабақ берген соң оқушылар да «әлсіз» болады, мектептегі білімнің сапасы да нашар болады. Одан кейін осы оқушылар ЖОО-ға түседі. Нәтижесінде экономикаға әлсіз мамандар келеді. Міне, осы мысал мәселенің маңыздылығын көрсетеді, - деді ол.

Министр педагогикалық мамандықтар бойынша ресми статистикаға да тоқталып өтті. 

Енді қайтадан статистикалық көрсеткіштерге тоқталайын. Біраз уақыт педагогикалық мамандықтар бойынша грант жеңіп, оқуға түскен түлектердің орташа балы 60-65 болатын. Бұл ретте ең төменгі шекті балдың 50 болғанын ескеру қажет. Оған қоса, педагогикалық мамандықты таңдағандардың арасында мектепті үздік бітіргендер немесе «Алтын белгі» иегерлері аз болды. Сонымен қатар, жыл сайын ЖОО бітіретін 40 мыңнан астам түлектің төрттен бірі ғана білім беру мекемелеріне мамандық бойынша жұмысқа орналасатын. Шынтуайтын айтқанда, жас мұғалімдердің біліктілік деңгейінің төмендігі университтердегі білімнің сапасыздығына ғана емес, сонымен қатар мұғалімдік қызмет тартымдылығының төмендігіне де байланысты. Әрине, бұл ауқамды мәселе кешенді түрде шешілуі тиіс. Аталған бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді Аймағамбетов.

Білім министрі қазіргі уақытта білім беру бағдарламаларын жаңартып, педагогикалық практиканы ұйымдастырудың жаңа жүйесін, дуалды оқыту жүйесі енгізіліп жатқанын айтты. 

Бұдан бөлек, мұғалім болып жұмыс істеуге кірісетін түлектердің дайындық деңгейін анықтайтын арнайы емтихан да жетілдіріліп жатыр. Сонымен қатар, 2020 жылы педагогикалық мамандықтарға түсу үшін ең төменгі шекті балл 70-ке дейін көтерілді. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша болашақ мұғалімдерді дайындайтын ЖОО-ға қойылатын талаптарды да күшейттік. Бұған дейін олардың саны 86 болса, енді күрт азайып келеді. Біз үшін басты қағида – сан емес, сапа және тиісті жағдайлардың жасалуы, - деп атап өтті ол.

Асхат Аймағамбетов болашақ ұстаздарға талап қана қоймай, ынталандыру үшін де жағдай жасалып жатқанын айтты.

Бірақ біз талаптарды күшейтіп қана қоймай, ынталандыру үшін де жағдай жасап жатырмыз. Президенттің тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қыркүйегінен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 42 000 теңгеге дейін өсті. Салыстырмалы түрде алсақ, басқа мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 26 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, мұғалімдердің жалақысы қазірдің өзінде ұлғайтылды және ол жыл сайын 25%-ға өсіп отырады. Сондай-ақ, педагогтерді міндетіне жатпайтын жұмысқа тартуды болдырмау және артық есептіліктен арылту бойынша шаралар қабылданып жатыр, - деді министр.

Министрің сөзінше, мемлекеттік тапсырысты орналастыру және түлектерді мақсатты даярлау арқылы гранттарды бөлу жүйесі де өзгеріп жатыр.

2021 жылдан бастап барлық түлек сертификаттау рәсімінен өтуі керек. Жұмысқа орналасу кезінде бәсекелестік болуы үшін конкурс негізінде қабылдау жүйесі енгізіліп жатыр. Бірақ ең маңызды шара «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болды. Міне, осының нәтижесінде біз соңғы жылы дарынды жастардың педагог мамандығына деген қызығушылығының айтарлықтай артқанын байқадық. Мәселен, биыл шекті балл көтерілді. Конкурс нәтижесіне сәйкес грант 8506 түлекке тағайындалды. Оқуға түсушілер арасында «Алтын белгі» иегерлерінің қатары да көбейген – 1565 адам (грантқа ие болғандардың жалпы санының шамамен 20%-ы), бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,7 есе көп. Жалпы педагогикалық мамандықтар бойынша орташа ұпай айтарлықтай өсті. Биыл «Шетел тілі мұғалімдерін даярлау» (шекті балл – 104), «Математика мұғалімдерін даярлау» (шекті балл – 111), «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» (шекті балл – 107), «Педагогика және психология» (шекті балл – 97), «Арнайы педагогика бойынша мамандарды даярлау» (шекті балл – 89) және т.б. бағыттар бойынша үлкен конкурс болды, - деді министр.
Аймағамбетовтің айтуынша, басқа салалардағыдай жұмысына немқұрайлы қарайтын мұғалімдер де кездеседі.

Біз, әрине, жалақыны көтеру және басқа да әлеуметтік кепілдіктер міндетті түрде педагогтерге қойылатын талаптарды арттырумен де сай келуі тиіс екенін түсінеміз. Өкініштісі, басқа салалардағыдай жұмысына немқұрайлы қарайтын мұғалімдер де кездеседі. Ондай мамандардың орнына қызметіне жауапты қарайтын әріптестеріміз қелетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болуы керектігін, ал әрбір істің негізінде кәсібилік болу шарт екенін атап өтті. ҰБТ қортындысының жақсы жаңалығы – бұл педагог мамандығының түлектер арасында, әсіресе мықты талапкерлердің сұранысына ие болуы. Бұл – еңбектің зая кетпегенінің дәлелі. Жаңа Заң қазірдің өзінде алғашқы жемісін беріп жатыр, қатарымызға әріптес ретінде мықты тұлғалардың келетініне сенімдімін, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы