Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған Заң Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын іске асыру мақсатында әзірленіп, заңнаманы Конституцияға сәйкестендіруге, жария және жеке мүдделер арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ тиімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Заңның негізгі бағыттарының бірі – 2023 жылғы 13 маусымдағы Конституциялық Соттың нормативтік қаулысында көрсетілген құқықтық ұстанымдыескере отырып әзірленген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға енгізілген өзгерістер болып табылады. Атап айтқанда, егер мұндай шектеу конституциялық тұғырды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, адам құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсаттарымен негізделмесе, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салу алынып тасталды.
Конституциялық Сот кәсіпкерлік қызметті шектеу дифференцияланған болуы және лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты айқындалуы тиісекенін атап өтті.
Осы Конституциялық Сот шешімін іске асыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабынан мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салу нормасы алып тасталды.
Оларға мемлекеттік орган болып табылмайтын мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттік кәсіпорындарда (оның ішінде мектептерде, ауруханаларда) және квазимемлекеттік сектордың өзгеде субъектілерінде басқарушылық функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар (бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, мемлекеттік сатып алу департаменттерінің басшылары, филиалдар басшылары), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, сондай-ақ көлік жолдарында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар жатады.
Сонымен қатар заңда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуына жол берілмейтін жағдайлар бекітілген. Атап айтқанда, егер мұндай қызмет лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтірсе, қызметтік мүлікті пайдалануға әкеп соқса немесе мүдделер қақтығысын тудырса, мұндай қызметке тыйым салынады.
Бұл ретте аталған тұлғалар бұрынғыдай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының субъектілері болып қала береді, мемлекеттік қызметшілермен тең дәрежеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның бақылауында болады және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықта болады.
Осыған орай, оларға қаржылық бақылаушаралары, мүдделер қақтығысының алдын алу жөніндегі талаптар, сондай-ақ туыстарымен бірлесіп қызмет атқаруға тыйым салу нормалары қолданылады.
Тиісінше, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде белгіленген шектеулерді бұзу, оның ішінде қызметтік мүлікті пайдалану немесе мүдделер қақтығысы жағдайында қызмет атқару фактілері анықталған жағдайда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамағаны үшін жұмыстан босату түріндегі жауаптылық көзделген.
Қабылданған Заң конституциялық заңдылықты нығайтуға және әділеттілік, ашықтық пен құқықтық мемлекет қағидаттарын одан әрі дамытуға бағытталған.