Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде 2024 жылдың жұмыс қорытындылары бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алқа отырысына Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Е.Н. Жиенбаев, Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ Агенттіктің басшылық құрамы мен аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағали өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмалары мен міндеттерінің, соның ішінде "Заң және Тәртіп" идеологиясын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын орындау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң үстемдігі мен жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, заңнамалық шаралар мен халықаралық ынтымақтастық туралы толық ақпарат берілді.
Агенттік алдын алу жұмыстары аясында өткен жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 238 сыртқы талдау мен сыбайлас жемқорлық мониторингін жүргізді. 2,5 мыңға жуық ұсыным енгізіліп, оның 60%-ы орындалды. Автожолдар, білім беру, медицина, спорт және әлеуметтік салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар аяқталды, - делінген агенттіктің хабарламасында.
Агенттік жұмысының негізгі басымдығы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық құндылықтарын насихаттау.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа "нөлдік төзімділік" қағидасын ілгерілету аясында 900 мыңнан астам әртүрлі мақсатты топ өкілдерін қамтыған 7,5 мыңға жуық іс-шара өткізілді.
Кәсіпкерлікті қорғау аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Бизнеске жол" жобасын жүзеге асыруды жалғастыруда.
Өткен жылы 200 проблемалық мәселелер шешіліп, 24 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды.
Мемлекеттік сатып алулар мен қаржының мақсатты жұмсалуына мониторинг жалғасуда. Агенттік 87,7 млрд теңге көлемінде тиімсіз шығындардың алдын алды.
Маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмыс жалғасуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауында 182 нысан бар, оның 81-і аяқталған.
"Цифрлық теңге" платформасында "ақшаны бояу" пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
Бұл жоба ауыл шаруашылығы, көлік және теміржол құрылысы сияқты әлеуметтік маңызды салаларда енгізілуде.
Бұзылған құқықтар мен әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды бөлігі ретінде залалды өтеу және активтерді қайтару жұмыстары ерекше аталды.
2022 жылдан бері 1 трлн 120 млрд теңгеге жуық мүлік активтері мен қаражат мемлекетке қайтарылды, оның ішінде өткен жылы 486,5 млрд теңге қайтарылған.
2024 жылы аяқталған істер бойынша 371,2 млрд теңге өтеліп, 28,9 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Қаражат әлеуметтік нысандарды қаржыландыруға бағытталды. Осы қаражат есебінен 56 мектеп салынды.
Алқа отырысында пікір алмасу өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.
Қорытындылай келе, Асхат Жұмағали Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдағы жылға арналған жоспарлары мен негізгі міндеттерін белгіледі.
Ол қоғамда "Заң және тәртіп" қағидаттарын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты сапалы іске асыру бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу және себептерін жою, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және залалды өтеу, сондай-ақ бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғау негізгі бағыттар болып қала береді.
Ведомство басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған Президент тапсырмаларының бұлжытпай орындалатынын мәлімдеді.
Агенттіктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.