Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 5 ақмолалық 650 000 теңгеден астам сыйақы алды

24 Қыркүйек 2021, 10:05
1051
Бөлісу:
Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 5 ақмолалық 650 000 теңгеден астам сыйақы алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында 8 айдың ішінде 37 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларындағы онлайн-брифинг барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Арман Рахимов мәлімдеді.
Тартылған 37 адамның тең жартысы басшылық қызметте, оның ішінде 5 - облыстық маңызы бар, 10 - қалалық және аудандық, 1 - ауылдық округ әкімі, - деді Арман Рахимов.

Спикердің айтуынша, жыл басынан бері департамент 43 қылмыстық іс тіркеген, оның 67% - ы ауыр және аса ауыр қылмыстарға жатады. Сотқа 30 іс жіберілді. 

Сондай-ақ, аймақтық Антикор жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 5 фактісін анықтады, онда 12 қылмыс анықталып, 13 адам тартылды. 

Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан ШОБ қызметіне заңсыз араласудың 7 фактісі, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың көлеңкелі экономика субъектілеріне қамқорлығының 2 фактісі анықталды. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды сүйемелдеу аясында 12 қылмыс тіркелді. 

Биыл 8 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша мемлекетке өтелген залал сомасы 900 миллионнан астам теңге. 

Департаменттің жедел жұмысын ұйымдастыру кезінде, ең алдымен, жүргізіліп жатқан әзірлемелердің сапасына, жүйелі сыбайлас жемқорлық, ШОБ - қа заңсыз араласу және көлеңкелі экономиканы қорғау фактілерін әшкерелеуге баса назар аударылғанын атап өткен жөн, - деді спикер. 
Сондай-ақ, Арман Рахимов қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ҚПК 200-бабының негізінде ұсынымдар енгізілетінін хабарлады. 

Биыл есепті кезеңде облыстың Антикоры 41 ұсыныс енгізді. Оларды қарау бойынша өткізілген 20 кездесуге 400-ге жуық мемлекеттік қызметшілер мен түрлі ұйымдардың қызметкерлері қатысты. 

Қаралған ұсыныстардың нәтижелері бойынша 26 лауазымды тұлға, оның ішінде 10 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 4 лауазымды тұлға жұмыстан шығарылды мен атқаратын қызметінен босатылды. Жартысынан көбі сөгіс пен ескерту алды, сондай-ақ, 7 адамға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз жұмысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын басшылыққа алады. Біздің азаматтарымызды осындай құқық бұзушылықтарға тап болған кезде 1424 Сall-орталығына дереу хабарлауға шақырамын. Айта кету керек, осы жылдың басынан бері өңірде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 5 адам 650 мың теңгеден астам сомаға ынталандырылды. Негізінен азаматтар парақорлық фактілері туралы хабарлады. Бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимылдың пәрменді құралдарының бірі болып табылады, - деп қорытындылады департамент басшысы.

Өзгелердің жаңалығы