Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ақылбек Күрішбаев тұрақтандыру қорларының тиімділігіне күмән келтірді. Себебі онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым.
Бүгін ол Үкімет басшысына және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымына депутаттық сауал жолдады.
Пандемия және экономикалық дағдарыстың салдарынан елдегі өмір сүру деңгейі төмендеп жатыр. Қазір бір отбасының табысы негізінен тек азық-түлік сатып алуға ғана кетеді. Сондықтан азаматтарымыз үшін азық-түлік бағасын мемлекеттік реттеу, олардың маусымдық қымбаттауын төмендету мәселесі өмірлік маңызы бар сұраққа айналды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, бұл мақсатқа бюджеттен 30 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген, - дейді депутат.
Ол осы ретте азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға қатысты көптеген сұрақ туындайтынын айтты.
Біріншіден, сауда орталықтарын таңдау принципі түсініксіз. Неге кейбір таңдаулылар ғана жеңілдетілген несиеге ие болады? Екіншіден, азық-түлік тауарлары бағасының елеулі құбылуы кезінде оның ең төменгі шегін алдын ала болжау өте қиын. Өйткені, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы тек маусым бойынша ғана емес, әрбір жылда өзгеріп отырады, - деді сенатор.
Ақылбек Күрішбаев бұл схемада сауда орталықтары тек отандық ауылшаруашылық тауарларын алуға міндеттелмегенін, сол себепті қазақстандық фермерлер өз өнімдерін өткізе алмай, бюджет қаражаты шетелдік өндірушілерді қаржыландыруға жұмсалып жатқанын айтты.
Тұрақтандыру қорының бағаны реттеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға деген пәрменділігі де күмән келтіреді, себебі онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым. Менің ойымша, бұл мәселемен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шындап айналысуы керек, - деді депутат.
Сонымен қатар сенатор бағаны реттеу жөніндегі мемлекеттік шаралар барлық тұрғынға пайдалы болуы үшін, осы қорға сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайту маңызды екенін айтты.
Егер аталған мақсаттарға бюджет қаражатын көбейту мүмкіндігі болмаса, тікелей аз қамтылған отбасылар санатын қолдауға көшкен дұрыс. Ол үшін халықтың аз қамтылған топтарына арнап, әлеуметтік азық-түлік тауарларынан қор қалыптастыру қажет. Азық-түлік тауарларын сатып алуды және оларды сақтау, тасымалдау, өткізу жөніндегі қызметтерді фьючерстік келісімшартпен конкурстық негізде тек отандық тауар өндірушілермен жасау қажет. Бұл мақсаттарға ұзақ және жеңілдетілген бюджеттік несиелерді қарастыру тиімді, - деді Ақылбек Күрішбаев.