Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Светлана Музырина: "Мен немістен бұрын, қазақ дәстүрін жақсы білемін"

11 Сәуір 2025, 15:57
2868
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағаты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Жетісуда 70-тен астам этнос өкілі тұрады. Соның ішінде неміс жұртының орны ерек. Осы ретте біз біз облыстық неміс орталығының төрайымы Светлана Музыринамен әңгімелестік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Светлана Владимировна, сіздің ақжарқын жүзіңізге қарап, неміс не, орыс деп тон пішіуге болады. Ал ішкі жаныңызға үңілсек, қазаққа жақын секілді. Мұны біз бұрын да байқаған едік.

Адам тамырынан бұрын, топыраққа тартады демей ме? Осы сөздің жаны бар. Біздің өсіп өнген, көркейген мекеніміз – осы байтақ Жетісу даласы. Көргеніміз қазақтың ақжарқын құшағы, аста-төк дастарқаны, кеңпейіл көңілі, бауырмашыл мінезі, бірлікке бекем өрісі, бұдан кейін қалай қазаққа ұқсамайсыз. Осыдан-ақ өзіңіз топшылай беріңіз. 

Қанша жыл өтсе де осы аяулы мекенді ештеңеге айырбастағымыз келмейді. Себебі татулықты тұмар етіп, бір атанның балалары секілді емен жарқын өмір сүріп жатырмыз. Отанымыз бір, тіліміз бір, түріміз сан алуан болғанымымен мекеніміз ортақ. Мен мұны ізімнен ерген жастарға да үнемі айтып жүремін. 

Оның үстіне Мемлекет басшысы да халықтың тыныштығы маңызды екенін үнемі айтып келеді. Бұл бізді басқа мемлекеттерден өзгеше екенімізді көрсетіп тұратын бірден бір фактор. Сол үшінде осы ұланғайыр даланы жақсы көремін.

Бұған біздің күмәніміз жоқ. Сонау алмағайып заманда қазақ даласы жүздеген этнос өкіліне құшағын ашты. Бұл ретте неміс халқының да рөлі жоғары. Осы орайда сонау тарихтан сыр тартсаңыз.

Тарихха көз жүгіртсек, көңіл толқиды. Ол заман біздің әке-шешміз үшін өте бір ауыр кезеңмен астасады. Біздің балалық шағымыз да жеңіл болмады. Туған топырағын тастап, өзге жерге келу оңай емес. Алайда қазақ халқы жат бұлар, кірме, бөтен деген мінез көрсеткен жоқ. Қайта бауырын басып, құшағын айқара ашты. 

Біз сол дәуірде келген неміс ұлтының өкілдеріміз. Ұлы Даланың қойнауына алғаш рет 1974 жылы табан тіредік. Бұл топырақ бізге жат емес – менің әжем кезінде Қазақстанға жер аударылған болатын. Сол қиын-қыстау кезеңде, туған тілінен өзге еш тілді білмеген әжемді Шығыс Қазақстандағы бір қазақ отбасы құшақ жая қарсы алып, бауырына басты. 

Шаруасына жәрдемдесіп, балаларын бағып-қағып, сол отбасының бір мүшесіне айналған әжем, алғаш неміс тілінен кейін қазақ тілін меңгеріп, бауыр басып кетті. Қазақ халқының дарқан көңілі мен кең пейіл ниетінің арқасында сол бір қиын кезең де жеңілдегендей болды. Әжемді қолына алған Абай ағалардың шаңырағы бізге туыстай болып кетті. 

Әжем мен Абай аға бақилық болғанымен, бүгінгі күнге дейін олардың ұрпағымен арадағы алтын көпіріміз үзілген емес. Немере-шөберелеріміз бір дастарқан басында бас қосып, мереке-мейрамдарды бірге тойлап келеміз. Сол балалық шағымнан бастап мені тәрбиелеп, ер жеткізген – осы қазақ даласы. 

Туған өлкем – Шығыс Қазақстан маған тек білім мен тәрбие емес, биік мақсаттарға жетелейтін өмірлік ұстаным да сыйлады. Осын пейілі теңіз жұрттан жырақта ғұмыр кешу мүмкін еместей көрінеді.

Әжеңізді өз қызындай көрген сол дәуірдегі қазақтың бауырмалдығы бізді де таңдай қақтырады. Бөтенсімей, бәріне күндей нұрын шашты. Бұдан не түюге болады? Сіздің өміріңізде бұдан бөлек ілтипаттар болған шығар...

Жыл сайын Алғыс айту күні болады. Мен сол уақытта барша қазаққа алғысымды айтамын. Шынымен өзі де отар ел бола тұрып, өзі де кеңес идеологиясының қыспағында жүріп, бір үзім нанды басқаға бөліп беру үлкен мәрттік. Ондай сезім осы қазақ ұлтына, қазақ жеріне ғана тән секілді елестейді. Әрине, қазір заман өзгерді, дегенмен сол көл көсір пейілде ешқашан ұмытпауымыз керек. 

Мен қайда барсам да қазақтың жарқын қошеметін көріп келемін. Мұның өзі қазақтың бабадан келе жатқан жақсы қасиеті екенін көрсетеді. Туған жерім Шығыс Қазақстанда жүріп, өзге этностар бар бәріміз бір қолдың бес саусағында жұмыла еңбек еттік. Менің жақындарым да дүниеден озғанынша алғысын айтып кетті.

Сонда сіз Шығыстың қызы болып тұрсыз ғой. Осы тұста өзіңіздің өмір дерегіңізге үңілсек?

Туған жерім – табиғаты көркем Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауылы. Ол менің алғаш кіндік қаным тамған ыстық топырағым саналады. Сол елді мекенде есейіп, қанатымызды қақтық. Өзім білім жолында талмай ізденген жанмын. 

Біздің бала күнімізде оқыған адам елдің алдында жүреді, ең құрымағанда аш қалмайды деген түсінік болды. Бұл рас толғам екен. Бүгінде 5 жоғары білім иесімін. Оның екеуін үздік, қызыл дипломмен тәмамдадым. Алғашқы білімім – педагогика саласында болды. Қызыл диплом иелерін сол жылдары Талдықорғанға жолдамамен жіберетін. 

Мен де жас маман ретінде осы қалаға келіп, алдымен балабақшада еңбек еттім. Кейін бухгалтерлік курстарды аяқтап, біраз уақыт есепші болып жұмыс істедім. Осы салада жинаған тәжірибемнің арқасында банк жүйесіне ауыстым. Ал одан кейін тағдыр мені өз ұлтымның мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін Неміс орталығына жетеледі. Бұл орталықта 7 жылдан бері қызмет етіп келемін. 

Жетісу мемлекеттік университетінде неміс және ағылшын тілдері бойынша білім алдым. Сонымен қатар Мәскеудегі екі жоғары оқу орнын тәмамдадым – бірі әлеуметтік бағытта, екіншісі – қазіргі лауазымыммен тікелей байланысты этномәдени бірлестік жетекшісі мамандығы. COVID-19 індетінің кезінде оқуды бір жылда аяқтауға тура келді. 

21 жастағы ұлым бар. Қазір Новосибирскіде білім алып жатыр, оқуын тәмамдаған соң Талдықорғанға оралып, елге қызмет етемін деп жоспарлап отыр. Анам да этникалық неміс, тағдыр тауқыметімен Қазақстанға жер аударылған. Қазір ол да Талдықорғанда тұрып жатыр.

Жетісу жері шынымен этнос өкілдеріне толы мекен. Біріншілердің бірі болып Достық үйі Талдықорған қаласында салынды. Бұл этностық бірлестіктердің басын бір шаңыраққа қосуға жол ашты. Бүгінде осы ұйыммен қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

Иә, біздің қаламыздағы Достық үйі – этностардың шынайы ұйытқысы. Мұнда түрлі ұлттардың өз этномәдени орталықтары жұмыс істейді. Соның ішінде біздің Неміс орталығы да бар. Біз тек өз ішімізде ғана емес, өзге ұлт бірлестіктерімен де тығыз қарым-қатынас орнатып, түрлі іс-шараларды бірлесіп өткіземіз. 

Мысалы жақында татар этносының басшысы ауысып, жаңа жетекшісімен ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсті. Жаңа жобаларға бірге қадам басып жатырмыз. Өзім орталықтың төрайымы лауазымына жақында ғана келдім. Сондықтан, бұл мен үшін даму мен ізденіс жолының басы ғана. Оның үстіне мемлекеттік мерекелерде өзіміздің татулығымызды көрсетіп, барынша атсалысамыз. 

Қаншама азаматтар қазақ еліне экономикасын көтеруге жәрдемдесіп жүр. Үлкен қызметтегі азаматтар да бар. Олардың бәрі уақытын аяп қалған емес. Жастар да жалындап тұр, олар кез келген шарада өзінің белсенділігін көрсетіп, әр іске ұйытқы болып келеді. 

Мұның бәрі мемлекетттің дұрыс саясат ұстанатынын нәтижесі. Қазір Достық үйі барша этностың алтын шаңырағына айналды. Жетісу жері тарихқа үңілсеңіз, ешкімнің кеудесінен қақпаған аймақ ретінде бейнеленеді. Сондықтан осы мекен бәрімізге ыстық.

Жетісуда бір ай тұрған адам, кеткісі келмей қалады. Табиғаты көркем, ауар райы қолайлы өңір. Дегенмен ата-балаларыңыз тұрған атамекенге көшуді ойлаған жоқсыз ба? Еуропа мемлекеттері салыстырмалы түрде әлдеқайда дамыған елдер. Сізді бұл ойлар қызықтырмады ма?

Шыны керек, маған жиі қоятын сауалдың бірі – «Сіз неміс ұлтынансыз, неге Германияға қоныс аудармайсыз?» деген сұрақ. Бұл ешқашан ойландырған емес, оның үстіне көзімізді ашқалы көргеніміз қазақ, қазақтың ғажайып даласы, жұпар иісіне кейдемізге сіңіп кетті. Бұдан кейін басқа жаққа қоныс аудару мүмкін емес. 

Әрине, Германияға барып-келуге мүмкіндігім жоқ емес, бірақ, менің жаныма жақыны – туған елім. Бір рет қонақ ретінде барғанымда-ақ, жүрегім бұл елге емес, өз Отаным – Қазақстанға тиесілі екенін ұқтым. Менің болмысым, ойлау жүйем – осы елдің топырағында қалыптасқан. 

Қазақстан – менің туған жерім, кіндік қаным тамған қасиетті мекен. Шығыста 15 жыл ғұмыр кешіп, 1993 жылдан бері жер жаннаты Жетісудың төрінде – Талдықорғанда тұрып келемін. Осы өлкеге бауыр басып кеткенім сонша, басқа жаққа қоныс аудару туралы ойым да болған емес. 

Жетісу – табиғаттың нағыз жаратылыстың ұлы көрінісі іспетті. Мұнда тау да, құм да, су да, барлық байлық қатар орналасқан. Орталық Азиядағы ең үлкен көл – Алакөл де осында. Туған өлкемнің сұлулығын әрдайым өзгелерге паш етіп, қонақтарымызды Жетісудың көркем жерлеріне апарып көрсету – мен үшін мәртебе. Себебі, мен өз Жетісуыммен шын жүректен мақтанамын!

Биыл қазақ халқы ассамблеяға құрылғанына 30 жыл толды. Бұл ұйымның еліміз үшін маңызы қандай? Қалай ойлайсыз?

Қазақстан Халқы Ассамблеясы – бұл ел бірлігінің символы. Ұлтаралық келісім мен достықтың негізін нығайтып, түрлі этнос өкілдерін бір арнаға тоғыстырған үлкен ұйым. Егер Достық үйі мен ассамблея болмаса, бәлкім, бүгінгі қоғамдағы ынтымақтың мәні де кемшін болар ма еді. Иә, адамдар күнделікті өмірде түрлі ұлттармен араласады, тіпті аралас некелер де көп. 

Мысалы мен де, ұлым да – метиспіз. Бірақ Ассамблея – бұл достықты тарихи негізде дәріптейтін, оны жүйелі түрде дамытатын, болашақ ұрпаққа өнеге етіп жеткізетін бірегей құрылым. Қазір біз Ассамблеяның 30 жылдығына орай кітап жазып, деректі фильм түсіруге кірісіп кеттік. Бұл – тарих бетіне түсер маңызды дүние. Қазақстан халқы қиын-қыстау заманда жатты жатсынбай, бауырына басты. 

Ашаршылық, соғыс, жер аудару сынды зұлмат замандарда ешкімді сыртқа теппей, панасын берді. Бұл – біздің халқымыздың адамгершілік, мейірімділік қасиетінің көрінісі. 

Ассамблея – әр ұлттың салт-дәстүрін тануға, түрлі дін мен мәдениетті құрметтеуге жол ашады. Мен барша ұлттың наным-сенімін құрметтеймін. Себебі, әр діннің түп мақсаты – жақсылық пен әділетке жетелеу. Ұлт пен дінге бөлінбей, бірлікте өмір сүру – біздің елге ғана тән құндылық. Біз осыны бағалай білуіміз керек. Еліміздің іргесін жау алмасын, қазақ елі өркендей беруін тілеймін.

Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы