Қытайдың Ханчжоу қаласында 60-қа жуық полиция қызметкері мен еріктілер алты күн бойы тауда жоғалып кеткен жігітті іздеді. Жас жігіт сүйіктісімен айырылысып қалған соң телефонын үйде қалдырып, жалғыз ойда болу үшін тауға кетіп қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
Сяолинь есімді азаматтың жоғалғаны туралы туысы 22 маусымда хабарлаған. Полиция пәтерінен оның телефоны мен жеке заттарын тауып, соңғы рет 20 маусым күні Далан тауы маңынан көрінгенін анықтаған.
Іздеу жұмыстарына дрондар, полиция иттері мен гидролокаторлар тартылғанымен, нәтиже болмаған. Ақыры 26 маусымда Сяолинь Линьань ауданындағы саябақ маңынан табылды.

Ол бұл күндері ешкіммен байланысқа шықпай, 40 шақырым жол жүрген. Алғашқы үш күнде ас-сусыз қалып, кейін бұлақ суы мен тау жемістерін тұтынған. Табылған кезде киімдері жыртылып, қатты шаршаған күйде болған.
Сяолинь полициямен сөйлескеннен кейін туыстарына ауыр күндер сыйлағанын түсініп, мұндай әрекетке енді бармайтынын айтты.

Бұл оқиға қытайлық әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі: "Шыны керек, телефонды үйде қалдырғанына таңмын", десе, енді бірі: "Ол қыздың жолы болған екен. Бұндай эмоциялық адаммен қарым-қатынас мүмкін емес", – деп жазды.
Тағы бірі қалжыңмен: "Ханчжоудың ең берілген ғашығы шығар, бірақ енді оны ұмытудың орнына, оның бұрынғы қарым-қатынасы бүкіл елге мәлім болды", – дейді.