Павлодар облысында алты ірі сүт-тауарлы ферманы салу мен кеңейтуге 10 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсариновтың айтуынша жобалар табысты жүзеге асырылған соң өңірде өндірілетін сүт көлемі 34,7 мың тоннаға, ал асыл тұқымды мал басы 5 мыңға жуықтамақ.
Ірі фермалар алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланады. Ұсақ шаруашылықтарға қарағанда осындай басым артықшылығы бар. Заманауи технологиялар өндірістік үрдістерді автоматтандырып, өнімділікті арттыра алады. Облыстағы ірі кәсіпорындар еліміздегі үздік үштіктің қатарына енген тауарлы фермалар бар. Бұл шаруашылықтағы бір сиыр жылына он мың келіден астам ақ береді. Соңғы жылдары 1800 және 550 мал басына арналған екі нысан бой көтерді. Ерекшелігі сол, сиыр сауу процесстері толық роботтандырылған. Шаруаның барлығын техника реттейді. Тағы төртеуі кеңейтілді. Үш шаруашылық Еуропа елдерінен импортты сүтті мал сатып алды. Бір айдан соң тағы бір шаруашылық төлдерін жеткізбек. Жобалардың барлығы аяқталуға жақын. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат игерілді, - дейді Қайырболат Байсаринов.
Ірі жобалардың бірі 1900 аналық малға шақталған. Шаруа шетелден голштино-фриза тұқымының 570 басын әкелген. Бүгінгі күнге дейін олардың жартысына жуығы бұзаулап үлгерді.
Облыстағы сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі толық емес. Бүгінде 70-75%. Сондықтан жаңа шаруашылықтарды ашуға қолдау көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік қазіргі уақытта облыста 36 сүт-тауарлы ферма жұмыс істеп тұр. Олардың 16-cы ірі кәсіпорын. Олардың қарамағындағы бір сиыр жылына орташа есеппен алты мың литрге жуық сүт береді.