Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украина президентінің Орталық Азия елдерінің журналистеріне берген сұқбатына пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол осыған қатысты СІМ-нің ұстанымын жеткізді.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы ретінде Украина басшылығының сұқбатына түсініктеме бергім келмейді. Бірақ біз оны елемей қалдыра алмаймыз. Әрине, өзіміздің реакциямызды білдіреміз, - деді ол.
Смадияровтың сөзінше, министрлікте бар ақпарат бойынша Украина бұл жобаға өз қалауымен бастама жасап, сұқбатты өткізу үшін Қазақстанның бірқатар жеке БАҚ өкілдерін Киевке шақырған.
ҚР СІМ желісі бойынша, яғни ресми дипломатиялық арналар арқылы бұл ақпарат өткен жоқ. Жалпы бұл сұқбатты өткізу бізге өте күмәнді болып көрінеді. Сұқбат рационалды емес, эмоционалды болып шықты. Одан гөрі украиналық БАҚ арқылы қазақстандық аудиторияға жүгіну оңайырақ болар еді деп есептейміз, - деп түсіндірді СІМ ресми өкілі брифингте.