Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Суперкомпьютер мемқызметкерді алмастыра алады: Қысқарту бола ма?

Жансая ҚАМБАР
4 Қыркүйек 2025, 13:31
727
Бөлісу:
 Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі
Фото: Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі

Астанада Қазақстандағы алғашқы автономды NeuroBox суперкомпьютері таныстырылды. NeuroBox мемлекеттік органдар, компаниялар мен зерттеу орталықтарына ЖИ-мен толық автономды, қауіпсіз режимде, интернетке қосылмай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Таныстырылым барысында ЖИ мүмкіндігі жобалық құжаттаманың нормативтерге сәйкестігін тексеру, мемлекеттік сатып алуларға арналған спецификацияларды талдау сияқты мемлекеттік қызметтерді жылдам атқаруға жеткілікті екені көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осыған орай, БАҚ өкілі NeuroBox компаниясының негізін қалаушылардың бірі Төлеген Омарбековтен мемлекеттік ұйымдарда суперкомпьютер қандай мамандарды алмастыра алатынын сұрады.

Өзіміз тест жасадық. Суперкомпьютер функционалды түрде көп нәрсені алмастыра алады. Мысалы, толықтай регламенттелген функцияларды жасанды интеллектке беруге болады. Қазір ол өте жақсы жұмыс істейді, бірақ соған қарамастан, оны бақылау қажет. Соңында әсіресе мемлекеттік мекемелерде бәрібір бір адам “бәрі дұрыс, жақсы жасалған” деп қол қоюы тиіс, – деді Төлеген Омарбеков.

NeuroBox компаниясының негізін қалаушы ең басты артықшылық жылдамдық екенін жеткізді.

Қазір мемлекеттік немесе мемлекеттік емес компанияларда қандай да бір құжат немесе шешім қабылданатын болса, ол айлап созылады. Себебі адам ойлануы керек, ақпаратты қорытуы керек, қосымша деректер іздеуі керек, салалық мамандар жалдап, қорытынды алуы керек. Ал жасанды интеллект, нақты айтсақ нейробокс, осының бәрін секундар ішінде жасап, сізге дайын шешім ұсынып, сіз тек соңғы сөзді айтып, басшы ретінде шешім қабылдайсыз, – деді маман.

Төлеген Омарбеков суперкомпьютер мемлекеттік қызметтегі мамандардың қысқаруына әкелсе де, толықтай қысқарту болмайтынын айтты.

Өз уақытында интернет шыққанда да бәрі адамдарды қысқартады деп ойлаған. Қазір де жасанды интеллект – жаңа болашақ, одан қашып құтыла алмаймыз. Бірақ жасанды интеллектпен жұмыс істей жүріп, менің жеке пікірім адам бәрібір керек. Себебі жасанды интеллектті қайта тексеру қажет және соңында қол қойып, мөр басатын маман болуы тиіс, – деді ол.

Төлеген Омарбеков суперкомпьютер барлық мамандықтарды алмастыра алады деген халықаралық теория бар екенін атады. Алайда маман ол теорияның шындыққа айналуы әзір болмайды деп санайды.

Суперкомпьютер барлық мамандықтарды, барлық адамдарды алмастыра алады деген халықаралық теория бар. Бірақ іс жүзінде бұл болмай жатыр және таяу онжылдықтарда да болмайды. Өйткені жасанды интеллект әлі де дамуы тиіс, – деді ол.

Еске салсақ, Астанадағы EXPO көрме кешені аумағында Қазақстандағы алғашқы автономды NeuroBox суперкомпьютерінің тұсаукесері өтті.

Өзгелердің жаңалығы