Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың II тоқсанына жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша, Шымкент қаласы сән мен жеке күтімге ең көп қаржы жұмсайтын өңір ретінде көш бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылдың II тоқсанында аталмыш қалада жан басына шаққандағы киімге, аяқ киімге, матаға, сондай-ақ жеке күтім мен гигиенаға арналған түрлі тауарларға кеткен шығын тоқсанына шамамен 36,4 мың тг құрады. Бұл - елдегі ең жоғары көрсеткіш және орташа республикалық деңгейден 36%-ға көп.
Шымкенттегі орташа ақшалай табысты аса жоғары деуге келмейді. Жан басына шаққанда тоқсанына 267,5 мың тг, яғни ҚР бойынша жалпы деңгейден 26%-ға төмен. Сәйкесінше, "әдемілік пен күтімге" жұмсалатын шығын мұнда ақшалай табыстың 14%-на тең, ал еліміз бойынша орташа деңгей бұл көрсеткіштен екі есе төмен, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетерлігі, мұндай жағдай соңғы жылдары тұрақты түрде байқалуда. 2025 жылдың I тоқсанында да қала тұрғындары осыған ұқсас мақсаттағы абсолютті шығындар көлемі бойынша да, ол шығындардың табысқа шаққандағы үлесі бойынша да көш бастады. Дәл сондай көрініс 2024 жылдың қорытындысында да болды. Ал 2020-2023 жылдары Шымкент абсолютті көрсеткіштерде Алматыдан қалып қойғанымен, табысқа шаққандағы үлесі жағынан ҚР бойынша бірінші орында болды.
Зерттеу жүргізу барысында үш санат қамтылған:
- жеке күтімге арналған электр құралдары: электр ұстаралар, фендер, депиляторлар және т.б. кіргізілген);
- жеке гигиена тауарлары: сусабындар, сабын, кремдер, косметика, дәретхана қағазы;
- сондай-ақ басқа санаттарға кірмейтін жеке қолданыстағы заттар: әшекейлер, сағаттар, сөмкелер, қолшатырлар, оттықтар, балалардың бесік арбалары.