Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов үш айдан кейін азық-түлік қоры таусылады деп алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты.
Бұл туралы ведомства басшысы Үкімет отырысынан кейін кулуарда мәлімдеді.
Өсіп жатқан азық-түлік бағалары көршілес елдерде және басқа да елдерде көріп отырмыз. Бұған тиісті түсіндірулер берілуі қажет. Өйткені біз қанттың үш айлық қоры бар деген кезде кейбірі оны дұрыс түсінбей, үш айдан кейін қант бітіп қалады деп ойлайды. Ол, әрине дұрыс емес. Өйткені күнделікті өндіретін зауыттарға тиісті шикізаттар келіп жатыр, -деді Сауда және интеграция министрі.
Сонымен қатар министр бағаның өсуінің бірқатар факторын атады. Оның айтуынша, қолдан жасалған көтерме бағалардың әсерінен азық-түлік 0, 2 пайызға көтерілген.
0,2 пайыз өткен жылға қарағанда төмен көрсеткіш. Бағаның өсуі халқаралық нарықтарда байқалып отыр. Доллардың теңгеге шаққандағы бағасының көтерілуі де өзіндік әсерін беруде. Сондықтан қор жағынан физикалық көлемдер бойынша ешқандай алаңдаушылық болмауы тиіс. Ал баға бойынша біздің инфляцияға қарсы қабылдаған іс-шаралар қабылданатын болады. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар бөлінген қаражат арқылы реттеу қорларымен жол бермеуге тиісті жұмыс атқарылады, -деді Бақыт Сұлтанов.