Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мысырдағы мешіттің ашылуында осылай деп мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ-тің Каирдегі тілшісі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр, – деді Әшімбаев.
Айтуынша, екі халықтың байланысы тереңге тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі.
Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға, – деді Сенат төрағасы.
Бүгін аумағы 10 мың шаршы метрден асатын Сұлтан Бейбарыс аз-Захир мешітнің ашылуы өтетінін хабарлаған болатынбыз. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сұлтан Бейбарыс аз-Захир мешітінің ашылу салтанатына барған болатын.