Суға кеткен миллиардтар. Ақмола әкімдігі ай қарап отыр ма?

27 Ақпан 2023, 10:13
2371
Бөлісу:
Суға кеткен миллиардтар.  Ақмола әкімдігі ай қарап отыр ма?
Фото: ТЖМ

Жыл сайын су тасқынының салдарын жоюға миллиардтаған теңге бөлінеді. Алайда проблема шаш етектен. Гидротехникалық құрылымдар тозған. Бөгет салумен, тұрғындарды қауіпті аймақтардан көшірумен мәселенің шешілер түрі көрінбейді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Арқада биыл да қар қалың. Күн күрт жылынса, су басу қаупі күшейеді. 

ТЖ Министрі Юрий Ильин тағы да әкімдіктерді қарды шұғыл шығаруға, су тасқынының алдын алу бойынша алдын алу шаралар қабылдауға және су қоймаларының толу деңгейін тұрақты бақылауға шақырды.

Су тасқынының негізгі себептері өзен арналарының  тазартылмауы, қауіпті аймақтарда үйлердің салынуы, бөгеттердің тозуы. Ақмола облысында 60-тан астам гидротехникалық құрылыстар тозған, тең жартысы апатты жағдайда және жөндеуді немесе жаңғыртуды қажет етеді, ­- деді Министр.

Мысалы, Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы Нұра өзенінің жағалауын нығайтуға қаржы бөлінбеген. Тасқын су жыл сайын жағалауды бұзады, қар суы үйлерге жақындайды.

 Жылда қайталанатын сценарий: ТЖ министрлігі мен облыс әкімдіктері су тасқынына дайын екендіктерін баяндайды. Бірақ табиғаттың күшіне ешкім қарсы тұра алмайды. Былайғы жұрт су тасқынынан қорғалмағандарын айтып шағынуда. Үй-мүлкі, малдары зардап шегуде. 

Алдын ала ескерту жасамаған «Қазгидромет» мамандарын кіналаймыз ба? Мемлекеттік деңгейде жан-жақты талдау болмаған соң не айтуға болады. Ауылдық жерлерде тұрғандар бұрын да қар көп жауғанын біледі, бірақ мұндай су тасқыны болған жоқ. Гидротехникалық зерттеу жүргізбей бөгеттер салу да жағдайды қиындатты. Қазір кейбір сарапшылар климаттың өзгеруінің себептерін іздей бастады, бірақ бұл өзгерістердің нақты себептерін білмей, түсіндіру қиын, - дейді эколог Қанат Байділдин.

 Атбасар – су тасқыны қаупі тұрғысынан «қызыл аймақта». Мәселен, 2014 жылы 330 үйді су басты. 256 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Араға 3 жыл салып, 2017 жылдың 15 сәуірінде еріген су теміржол көпірінің жанындағы бөгетті шайып, қалаға Жабай өзенінен ғана емес, даладан да құйылды. Су үш жерден бөгетті жарып өтіп, көпір маңындағы үйлерге жетті. 

Табиғаттың дүлей күші елдің үрейін ұшырды. Төтенше жағдайға  Жабай өзеніндегі су деңгейінің нормадан тыс көтерілуі себеп болды. Су деңгейі ­6 метрге көтерілді. Бұл қорғаныс құрылымының бұзылуына әкелді. Қала мен оның айналасындағы ауылдар қатты зардап шекті. Бөгет алты жерден бұзылып, 400-ге жуық үйді су басты. Шамамен 1400 адамды эвакуациялауға тура келді. Жергілікті әлеуметтік нысандар да зардап шекті. Кейіннен 600-ге жуық үй апатты деп танылды.

Сол тұста бұл проблеманы шешудің екі нұсқасы қарастырылды – жаңа бөгет салу немесе су тасқынынан зардап шеккен отбасылар мен «қызыл» аймақта қалғандарды көшіру. Жергілікті билік тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген дұрыс деп шешті. Су тасқыны қаупі бар аймақтардан отбасыларды көшіру үшін басталған 100 пәтерлі екі үй құрылысы әлі аяқталған жоқ. Бұл пәтерлердің өзі жергілікті тұрғындар үшін су тасқынынан зардап шегу қаупін толығымен шешпейді. Өйткені аудан орталығынан бөлек елді мекендерде бес жүзге жуық отбасы су тасқыны қаупі бар аймақтарда тұрып жатыр.

Төтенше жағдай кезінде су қоймаларындағы судың қандай деңгейге жететіні ескерілуі керек. Егер табиғи факторларға байланысты өзен-көлдерге жақын аумақ су басуға бейім болса, онда осы аумақта елді мекендер мен өндірістерді орналастыруға тыйым салу қисынды. Қарапайым тілмен айтқанда, өзенге жақын аймақта құрылыс салудың қажеті жоқ. Жер учаскелерін сатып алу кезінде адамдар бұл жағдайды білмеуі және ескермеуі мүмкін. Сондықтан заңмен бекітілген тыйым қажет, - дейді қоғам белсендісі Людмила Петрова.

Гидротехникалық құрылыс жүйесі үнемі бақылауды, күтімді, жөндеуді қажет етеді. Осы ретте жергілікті атқарушы органдар алдын-алу шараларын қабылдап, жағдайды үнемі қадағалап отыруы керек. 

Ақмола облысының ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ерден Берлібековтың айтуынша, облыс аумағында 90 гидротехникалық құрылыс бар, оның 17-і республикалық меншікте, 66-ы коммуналдық меншікте, 7-і жеке меншікте. 

2022 жылдың күзінде құрылыстардың техникалық жай-күйін анықтау үшін тексеріс жүргізілді. Облыстың гидротехникалық құрылыстары апатты жағдайда және жөндеуді немесе жаңғыртуды қажет етеді.  Жетпіс пайызы тозған, қауіпсіздігі төмендеген. Тексеру нәтижелері бойынша 3 құрылым апатты жағдайда, 18-і қанағаттанарлықсыз жағдайда екені анықталды. Барлық гидротехникалық құрылыстар бақылауда, қауіпті учаскелерде бақылау бекеттері орнатылады. Су тасқынына дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда, – деп қосты Ерден Берлібеков.

Тағы бір қиындық – өткен аптадағы қарлы жаңбыр. Күн күрт еріп, артынша аязға ұласты. Топырақ қабаты қатып қалды. Бұл дегеніміз, жер еріген суды сіңіре алмайды, әрі топырақтың жоғарғы құнарлы қабатын бұзуы мүмкін.

Коммуналдық қызметтер мен құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өңірдің елді мекендерінен 620 мың текше метрден астам қар шығарылды.  Авариялық-құтқару қызметтерінің  қар шығару және су бұру арналарын тазарту бойынша жұмыстары күшейтілді.

 Өзендердің қауіпті учаскелеріндегі су деңгейіне мониторинг жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдардан 92 қосымша бақылау бекеттерінің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру жоспарлануда. Облыс бойынша 2,5 мың адамнан, 1124 бірлік техникадан, 258 мотопомпадан және 48 бірлік жүзу құралдарынан тұратын топ дайындыққа кірісті. Қарт күрт ерімесе, су тасқыны қаупі болмауы тиіс. Алайда, барлық қажетті шаралар, әсіресе аула аумақтарынан, жалпы елді мекендерден қар шығарып, сондай-ақ су бұру арналарын тазарту қажет. 128 елді мекен су тасқыны болуы мүмкін аймақта орналасқан. Олардың 113-інде қауіпті сейілтуге қол жеткізілді. Қалғандарында осы көктемде су басу қаупі бар. Бұл елді мекендер негізінен Атбасар, Астрахан, Аршалы, Сандықтау, Целиноград аудандарында орналасқан. Сондай-ақ, метеорологтардың айтуынша, жердің қату тереңдігі шамамен 1 метрді құрап отыр. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе көп. Жалпы, құтқарушылар жағдайдың тұрақты боларына үміттенеді. Бірақ ауа-райы мен климаттық жағдайларды болжау мүмкін емес, сондықтан бәріне дайын болуымыз керек, – деп түсіндірді Ерден Берлібеков.

Аймақта елді мекендердің су астында қалуы қалыпты жағдайға айналған. Бюджет қаражаты су тасқынының алдын алудың орнына оның салдарын жоюға жұмсалады. Жыл сайынғы су тасқынының миллиардтаған бюджеттік теңгені «шайып», мыңдаған адам өміріне қауіп төндіруінің  нақты себептері неде? Билікке көктемгі су тасқыны мәселесін біржола шешуге не кедергі?

Өзгелердің жаңалығы