Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Судың "көлеңкелі" нарығына қарсы республикалық деңгейде күрес басталды

12 Қыркүйек 2025, 20:14
409
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратура және ІІМ-мен бірлесіп, судың "көлеңкелі" нарығын жоюға бағытталған жұмыс тобын құрады. Бұл туралы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов аппарат кеңесінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жұмыс тобы жүйелі түрде талдау жасап, рейдтік шаралар өткізеді. Тексеру барысында заңсыз су пайдаланушылар мен қызметін адал атқармайтын лауазымды тұлғалар анықталмақ.

Министрдің айтуынша, бірқатар мамандардың өз міндетін дұрыс орындамауы заңсыз су алуға жол берген. 

Президент халыққа Жолдауында нақты тапсырмалар жүктеді. Біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Барлығына жауапкершілік бар, – деді Нұржігітов.

Қазіргі таңда Су кодексіне және Әкімшілік кодекске түзетулер дайындалып жатыр. Олар заңсыз су алудың алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ су ресурстарын цифрлық мониторингтеу жүйесі енгізілуде.

Сонымен бірге, елімізде өзендер мен көлдерді қайта түгендеу басталады. Бұл мемлекеттік су кадастрын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, "Қазсушар" РМК жанынан "Су-метрология" филиалы қайта құрылып, су есепке алу жүйесін ұйымдастырумен айналысады.

Министр вице-министрлерге гидротехникалық нысандарды жөндеу, каналдарды тазалау және Солтүстік Арал теңізінің көлемін ұлғайту жобасы бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы