Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты өтіп жатқан сот отырысында “Asar-Ume” қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашевтен жауап алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот отырысында айыпталушы Перизат Қайрат "Asar-Ume" қорының басшысына БАӘ-дегі іс-шара кезіндегі сәт есінде ме екенін сұрады.
Оның айтуынша, бұл іс-шараға шақырту Перизат Қайраттың бастамасымен жүзеге асқан.
БАӘ елшілігімен жеке таныстығым болғаны және Перизат Қайрат айтып отырған алғыс сөздері есімде жоқ, алайда Палестина елшісімен жүздестік, сол кезде осыған ұқсас пікірлер айтылғаны есімде. Сол іс-шарада елшімен естелік суретке түстік. Бірақ БАӘ елшісімен жеке сөйлескен емеспін, – деді Нұрмашев.
Сот отырысында айыпталушы Перизат Қайрат сөз алып, "Asar-Ume" қорының басшысына алғыс білдіруге тырысқан болатын. Алайда судья Сабыржан Каримов оның сөзін бөліп, тағы ескерту жасады.
Айыпталушы Перизат Қайрат, біз жиында емес, тергеуде отырмыз. Алғыс білдірудің қажеті жоқ, – деп ескертті судья.
Бұған дейін “Asar-Ume” қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев “BizBirgemiz Qazaqstan 2030” қоғамдық бірлестігі арасындағы қаржылық операциялар мен ынтымақтастық жайлы жауап алынғанын жаздық.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.