Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «AntikorNews» алаңында аптадағы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бегайдаров айтып берді.
ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін жеке кәсіпкерлік субъектісінен 1,2 млн теңге сомасында пара алу фактісі бойынша Аягөз ауданының Аягөз қаласы әкіміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, - деді тергеуші.
Бегайдаровтың сөзінше, күдікті ҚР ҚПК 128-бабы тәртібіне сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар тергеуші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы бойынша 7 қыркүйекте Ұйғыр аудандық сотының судьясына қатысты аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотқа дейінгі тергеуді бастағанын жеткізді.
Ол жеке тұлғадан сот актісін оның пайдасына шығарғаны үшін аса ірі мөлшерде пара алу күдігіне ілінді, - деді Данияр Бегайдаров.