Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде арнасы тарылған өзендердің жағдайын жақсарту үшін Экология министрлігі былтырдан бастап зерттеулер жүргізуде.
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов мәлім етті.
Біз пайдаланып отырған судың 40 пайызы тұтынушыға жеткізген кезде-ақ ысырап болады. Сол себепті біз бұрынғы су жүйелерімізді ретке келтіруміз қажет. Екіншіден, бұл проблемаға оңды-солды қарамаған дұрыс. Бізге мейлінше суды үнемдейтін жаңа технологияларға көшкен абзал. Сонымен қатар суды көп қажет ететін дақылдарды азайту мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Өкінішке қарай су көбеймейді. Ол өз деңгейінде қалса жақсы. Ал жыл сайын суға деген сұраныс артып келеді, -деді вице-министр.
Сондай-ақ брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев су ресурстарын басқару саласындағы негізгі мәселелерге тоқталып кетті.
Біріншіден, біз су ресурстарының балансын дайындадық. Қазіргі уақытта құрғақшылық циклы жалғасып келеді. Диқандарымызды сумен қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, аймақтарға бардық. Фермерлерге ықтимал қауіптер және күрделі вегетациялық кезеңге дайындалу қажеттігі туралы айтылды. Нәтижесінде, әкімдіктер мен шаруалар ылғал сүйгіш дақылдар көлемін азайтты: мақта 17,9 мың гектарға, күріш 9,5 мың гектарға қысқарды,- деп атап өтті министр.