Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова ораза айында ауыз бекітетін қазақстандықтарға кеңес берді.
24 сәуірден бастап қасиетті Рамазан айы басталады. Осы ретте коронавирус инфекциясының ауа, тамшы арқылы таралатынын еске салғым келеді. Адаммен жақын байланыста болған уақытта, түшкіру немесе жөтелу, әңгімелесу кезінде, гигиенаны сақтамай вирус жұққан заттарды ұстағанда да коронавирус жұғуы мүмкін. Биыл коронавирусқа байланысты Рамазан айы басқаша өтеді. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан барынша оқшаулану қажет. Көпшілікке ауызашар жасамауға және мешітте жиналмауға кеңес береміз, - дейді Есмағамбетова.
Осы орайда ол ораза ұстайтындарға тамақ рационына ұқыпты болу қажеттігін жеткізді. Оның ішінде ақуыздар, көмірсулар мен дәрумендер болуы шарт. Суды көбірек ішіп, көкөніс пен жемістерді жиі жеу керек.
Егде жастағы және соматикалық ауруларға шалдыққан адамдар коронавирустың ауыр формасына тап болуы мүмкін. Ағзада ақуыздар, майлар мен дәрумендер аз болса, адамның иммунитеті әлсірейді. Ал иммунитет төмендесе, инфекция тез жұғады және ауру асқынып кетуі мүмкін, - деді бас санитар.