Судағы қауіпті бактерия: Қазақстандағы легионеллез қаупі туралы не белгілі?

Мамандар шетелдегі жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін бе және қандай нысандар ерекше бақылауды қажет ететінін түсіндірді.

 istockphoto.com 13 Тамыз 2026, 12:05
13 Тамыз 2026, 12:05
86
Фото: istockphoto.com

Легионеллез – ауыр пневмонияға әкелуі мүмкін, ал кей жағдайларда өліммен аяқталатын жіті инфекциялық ауру. Адам Legionella бактериясы бар судың өте ұсақ тамшыларын тыныс алу кезінде жұқтыруы мүмкін. Швейцария мен АҚШ-та ауру өршігеннен кейін BAQ.KZ тілшісі мұндай жағдай Қазақстанда болуы мүмкін бе және еліміз бұл инфекцияны анықтауға қаншалықты дайын екенін анықтады.

Тамыз айының басында Швейцарияның Базель қаласының билігі легионерлер ауруы деп аталатын инфекцияның өршігенін хабарлады. 7 тамыздағы жағдай бойынша онда 28 жағдай расталды: 26 науқас ауруханаға жатқызылып, жетеуіне қарқынды терапия қажет болды, бір адам қайтыс болды.

Одан сәл бұрын Нью-Йоркте де ауру жаппай тарады. Инфекция Манхэттеннің Жоғарғы Ист-Сайд ауданын қамтыды. Ошақпен барлығы 92 ауру жағдайы байланыстырылды, 79 науқас ауруханаға жатқызылып, жеті адам қайтыс болды.

Мұндай жағдайлардың бәріне ортақ бір ерекшелік бар: Legionella адам қолымен жасалған су жүйелерінде көбейіп, кейін судың өте ұсақ тамшыларымен бірге таралуы мүмкін.

Вирус өршіген жоқ, бірақ қауіп жоқ емес

Қазақстанда осы уақытқа дейін легионеллездің өршуі немесе топтық жағдайлары ресми түрде тіркелмеген.

Алайда бұл бактерия ғимараттардың инженерлік жүйелерінде пайда болмайды дегенді білдірмейді. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы (ҰҚДСО) шетелдегідей жағдайдың теориялық тұрғыда Қазақстанда да болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Кондиционерлеу жүйелерімен, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерімен, қонақүйлермен, медициналық ұйымдармен, бассейндермен немесе басқа да нысандармен байланысты легионеллездің өршуі немесе топтық жағдайлары ресми түрде тіркелген жоқ. Сонымен қатар жекелеген жағдайлардың болуы жоққа шығарылмайды. Теориялық тұрғыда қауіп бар, өйткені Legionella табиғи түрде су ортасында кездеседі және қолайлы жағдай туғанда жасанды су жүйелерінде көбейе алады. Эпидемиологиялық қауіп тұрғысынан кез келген кондиционер емес, су бар және аэрозоль түзілуі мүмкін жүйелер маңызды, – деп хабарлады ҰҚДСО.

Белгілі болғандай, бактерия температурасы шамамен 20-дан 50 градусқа дейінгі суда жақсы көбейеді, ал оған ең қолайлы температура шамамен 35 градус саналады. Адам негізінен бактериямен ластанған судың өте ұсақ тамшыларын тыныс алу кезінде жұқтырады. Сондықтан ауаны ылғалдандыру функциясы жоқ кәдімгі тұрмыстық сплит-жүйелер негізгі қауіп көздеріне жатпайды.

Душ, бассейн, SPA: Legionella қайда көбеюі мүмкін

Ықтимал қауіп көзі су, жылу және аэрозоль түзілу мүмкіндігі бар жерлерде болуы мүмкін.

Ең алдымен, бұл ыстық және суық сумен жабдықтаудың ірі әрі күрделі жүйелеріне қатысты. Егер жүйенің жекелеген бөліктерінде су тұрып қалса, жеткілікті деңгейде залалсыздандырылмаса немесе қажетті температура сақталмаса, қауіп артады.

Ықтимал қауіпті нысандар қатарына душ бөлмелері, бассейндер, гидромассажды ванналар мен SPA, сәндік субұрқақтар, ауаны ылғалдандыру жүйелері және ірі ғимараттардағы суды салқындататын қондырғылар да кіреді.

Мамандар қонақүйлер мен медициналық ұйымдарға ерекше назар аударады. Ауруханаларда оның салдары әсіресе ауыр болуы мүмкін, өйткені пациенттердің арасында инфекцияға бейім адамдар көбірек кездеседі.

Алматыдағы қонақүйлердің бірінен Legionella табылған

Қазақстанда ресми түрде аурудың өршуі тіркелмегенімен, еліміздегі жасанды су жүйелерінен бактерияның іздері бұған дейін анықталған.

Алматыда жүргізілген ғылыми зерттеу тексерілген төрт қонақүйдің біріндегі сумен жабдықтау жүйелерінен алынған 30 сынаманың төртеуінен Legionella pneumophila ДНҚ-сы бар екенін көрсетті. Бұл ретте культуралық әдіспен оң нәтиже алынған жоқ. Бұл зерттеу бұрын жүргізілген және қазіргі уақытта ауру ошағы бар екенін білдірмейді, алайда Қазақстандағы инженерлік су жүйелерінің бактериямен ластану мүмкіндігі бар екенін көрсетеді, – деп мәлімдеді ведомство.

Үш жылда 44 зерттеу жүргізілген

BAQ.KZ ҰҚДСО-дан еліміздегі нысандардың легионеллез қоздырғыштарына қаншалықты жиі тексерілетіні туралы мәлімет алды.

Көрсеткіш биыл ғана айтарлықтай өзгерген.

2024 жылы жеті зерттеу жүргізілсе, 2025 жылы тағы жеті зерттеу жасалған. Ал 2026 жылы олардың саны төрт еседен астам өсіп, 30 зерттеуге жетті.

Үш жыл ішінде барлығы 44 зерттеу жүргізілген.

Ғимараттарды кім және қалай тексеруі керек

Қазақстанда Legionella-ға қатысты бақылау санитариялық қағидаларда қарастырылған. Атап айтқанда, орталықтандырылған кондиционерлеу және ауаны ылғалдандыру жүйелері жұмыс істейтін қоғамдық ғимараттарда легионеллаға микробиологиялық зерттеу жылына бір рет жүргізілуі тиіс.

Сынама жүйенің су мен микроорганизмдер жиналуы мүмкін бөліктерінен – сүзгілерден, градирнялардан, ылғалдандырғыштардан, жылу алмастырғыштардан, салқындатқыштардан және дренаждық науалардан алынады. Сонымен қатар ластану байқалған немесе жүйеде қарастырылмаған ылғалдану пайда болған учаскелер жеке тексеріледі. Ал ауаны ылғалдандырмайтын шағын кондиционерлер мен кәдімгі тұрмыстық сплит-жүйелер мұндай бақылауды қажет етпейді.

Бассейндерге қатысты нақты талап бар: 100 мл суда Legionella pneumophila мүлде болмауға тиіс.

Бақылауды ұйымдастыруға нысанның меншік иесі немесе әкімшілігі міндетті. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері жауап береді.

Зертханалар дайын, бірақ 2026 жылы пациенттер зерттеуге жіберілмеген

Мәселенің тағы бір қыры – аурудың өзін диагностикалау. Легионеллез ауыр пневмония түрінде өтуі мүмкін. Оның нақты Legionella бактериясынан туындағанын анықтау үшін арнайы зертханалық зерттеу қажет.

ҰҚДСО редакцияға хабарлағандай, Қазақстанның барлық өңірінде мұндай мүмкіндік бар. ПТР зерттеулерін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы филиалдарының зертханалары жүргізе алады.

Алайда сауалға берілген жауапта назар аударарлық бір дерек бар: 2026 жылы стационарлардан ауыр пневмониямен жатқан пациенттерді легионеллезге тексеруге бірде-бір жолдама түспеген.

Бұл елімізде ауру жұқтырған, бірақ анықталмай қалған адамдар болды дегенді білдірмейді. Дегенмен шетелдегі аурудың өршуі аясында диагностикалық сақтық мәселесі туындайды: өңірлерде зертханалық мүмкіндік бар, алайда биыл стационарларда ауыр пневмониямен ауырған пациенттерді Legionella-ға тексеру қажеттілігі туындамаған.

Шетелдегі жағдай Қазақстанда да болуы мүмкін

Базель мен Нью-Йорктің тәжірибесі ауру ошағының көзі қандай да бір сирек кездесетін табиғи орта емес, кәдімгі қалалық инфрақұрылым болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан мамандар Қазақстанда да мұндай жағдайдың орын алу ықтималдығын толық жоққа шығармайды.

Елімізде әзірге легионеллездің бірде-бір ресми өршуі тіркелмеген. Сонымен бірге Алматыда бұған дейін жүргізілген зерттеулер Legionella pneumophila іздерінің жасанды су жүйелерінен табылуы мүмкін екенін көрсетті.

Сондықтан мұндай ауру ошақтарының алдын алудың басты жолы – нысандарды тұрақты бақылау, су және салқындату жүйелерін уақтылы тазалап, залалсыздандыру, ал ауруға күдік туындаған жағдайда қолжетімді зертханалық диагностика жүргізу.

Наверх