Судағы қауіпсіздік. Ақылды камералар жұмысын неге тоқтатты

29 Шілде 2024, 15:25
383
Бөлісу:
Судағы қауіпсіздік. Ақылды камералар жұмысын неге тоқтатты
Фото: BAQ.KZ -архив

Өткен жылы Павлодар қаласының орталық жағажайында пилоттық режимде жұмыс істеген ақылды камералар жұмысын жалғастырмайтын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Айта кетейік, былтыр шомылу маусымы кезінде облыстағы орталық жағажайға бірнеше камера орнатылған болатын. Ақылды жүйе алысқа жүзіп кеткен адамды анықтап, құтқарушыларға дабыл қағады. Осылайша, өзенде шомылып жүрген адамдарды бақылау оңтайлындырылған. Алайда, биыл заманауи құралдың жұмысы тоқтап тұр. Мамандардың айтуынша, камераның көмегімен бір ай ішінде 60-қа жуық заңбұзушылық тіркелген.

Пилоттық режимдегі жұмыс кезінде ақылды жүйе тиімділігін көрсетті. Оның жұмысын жалғастыру үшін жергілікті билікке ресми хаттар жолдадық. Алайда, мардымды жауап алынбады. Биыл жергілікті әкімдік қаражат бөлген жоқ. Себебін, нақты айта алмаймыз. Ақылды жүйенің тиімділі республика көлемінде де атап өтілді. Десе де, жобамыз тоқтап тұр, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта өңірде 47 шомылу орны болса, су айдындарында түсуге тыйым салынған жерлер жүзден асады. Аймақта шомылу кезеңінде он ересек адам суға кетті, олардың екеуі – кәмелеттік жасқа толмағандар. Олардың басым бөлігі рұқсат етілмеген жерлерде тынығып, ажал құшты.

Құтқарушылардың айтуынша, өзен бойында жаппай жемалыс орындарын ашу жұмыстары атқарылып жатыр. Ол үшін Ертістің аумағы зерттеліп, жағасы абаттандырылады. Дегенмен, ағын күшті болса, шомылуға рұқсат жоқ. Бұл адам өміріне аса қауіпті.

Өзгелердің жаңалығы