АҚШ-тың Техас штатында толассыз жауған жауын салдарынан болған су тасқыны кемінде 24 адамның өмірін жалмады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АBC News таратқан ақпаратқа сәйкес, табиғи апат орталық өңірлерді қамтып, тұрғын үйлер мен жолдарды, сонымен қатар балалар лагерьлерін су астында қалдырды. Ерекше алаңдаушылық туғызған жағдай – Camp Mystic лагеріндегі жағдай. Мұнда 23 қыз бала із-түзсіз жоғалған.
Табиғи апат 4 шілдеге қараған түні басталған. Ұлттық метеоқызметтің болжамынан бірнеше есе көп жауын жауған. Гуадалупе өзені арнасынан асып, лагерь мен жақын маңдағы елді мекендерді су басты.
Жергілікті билік мәліметінше, құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. 237 адам эвакуацияланған, олардың 167-сі тікұшақпен құтқарылған. Із-түссіз кеткендердің нақты саны белгісіз – себебі аймақта туристер мен демалушылар көп болған.
Қанша адамның жоғалғаны әлі нақтыланған жоқ. Ауданға сырттан келушілер көп болғандықтан, нақты есеп жүргізу мүмкін емес, – деп мәлімдеді Керр округінің шерифі Ларри Лейта.
Техас губернаторы Грег Эбботт бұл жағдайды «апаттық деңгейдегі» оқиға деп атап, құтқарушылардың күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Жұмысқа тікұшақтар, әскери техника мен сүңгуірлер жұмылдырылған.
Мамандар өңірде жаңа су тасқыны қаупі бар екенін ескертіп, тұрғындарды су басқан аумақтарға бармауға шақырып отыр. Camp Mystic лагері мен ондағы балалар табиғи апаттың символына айналды.