Су тасқынына қарсы жұмыстарға 3169 әскери қызметкер тартылды

17 Сәуір 2024, 17:25
526
Бөлісу:
Су тасқынына қарсы жұмыстарға 3169 әскери қызметкер тартылды
Фото: Арман Мухатов - архив

Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚМ ресми өкілі Руслан Жангулин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарулы күштердің қызметкерлері су басқан өңірлердің тұрғындарын эвакуациялау, апатты аймақтарды күшейту, өзендердің, көлдердің және көшелердің жағасында құм салынған қаптарды қою, қалау, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды ауыз сумен және жарықпен қамтамасыз ету сынды жұмыстарды атқарып жатыр.

Ақтөбе облысында Ойыл елді мекенінің ауданында әскери инженерлер паром өткелін жасады. Бұл паром арқылы барлығы 1568 адам, 137 бірлік техника және 20 тоннадан астам жүк тасымалданды. Ақтөбе гарнизоны әскери қызметшілерінің біріккен жасағы Құрылыс және Жайсаңбай елді мекендерінде су тасқынының алдын алу бойынша көмек көрсету міндеттерін орындады. Атырау облысында Махамбет, Жаңаталап, Талқайран және Сарайшық ауылдарының айналасына құм толтырылған қапшықтарды дайындау, оларды қалау (қою) жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ Жайық және Орал өзендерінің арнасын күшейтуге жұмылдырылды, - деді Руслан Жангулин.

Атырау облысының басқа да елді мекендерінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жұмыс істеп жатыр. Олар 41 мыңнан астам қап құм дайындап, төсеген.

Ақтау авиабазасының экипажы барлау соққы беруші ұшқышсыз басқарылатын құрылғысының көмегімен Ақтау-Атырау-Ақтау бағыты бойынша әуе бақылауын және әуе барлауын жүргізуді жалғастыруда. Батыс Қазақстан облысында Қарулы күштердің әскери қызметшілері құм салынған қаптарды дайындап, төсеу, су басуы ықтимал жерлерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізді, Жайық өзені арнасының жағалауы тосқауыл бөгеттермен күшейтілді. Осы сынды жұмыстар Бумакөл ауылында және Байтерек ауданының 9 елді мекенінде орындалды. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Набережная, Подстепное, Байқоңыс, Дарьинское, Рубежное ауылдарында бөгеттер тұрғызды. Барлығы 12 мыңнан астам қап құм дайындалып, төселді, - деді спикер.

Сонымен қатар әскери қызметшілер Солтүстік Қазақстан облысында да су апатының алдын алу шараларын ұйымдастырып жүр.

Ақмола облысы Есіл ауданы Заречный ауылында елордалық ерекше мақсаттағы бригаданың әскери қызметшілері тіршілік ету объектілерін (әкімдік, су сорғы станциясы, наубайхана, мектеп, телевышка) электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырды. Еліміздің шығысында әскери қызметшілер Марқакөл ауданы Боран ауылы маңындағы жолдың қираған учаскесінде жабдықталған көпір өткелі арқылы адамдар мен көлікті өткізуді жүзеге асырды, - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштерінен барлығы 3169 әскери қызметші, 242 бірлік автомобиль техникасы, 4 армиялық авиация тікұшағы, 3 әскери-көліктік ұшақ, 2 ҰҰА жұмылдырылған.

Өзгелердің жаңалығы