Су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлаған қарақшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақмола облысының прокуратурасының мәліметінше, облыстың арнайы прокурорлары 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС-нің басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтады.
Аталған қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін 100 пәтерлі екі үйді салуға бөлінген.
Күдіктілер әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға, қылмысқа үшінші серіктес үйқамаққа алынды. Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік – Алматы, Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылары және банктық шоттарда 50 млн теңгеден астам ақшалай қаражат түрінде табылды. Тыйым салынған мүліктің бағаланған құны – 335 млн теңгеден асты, - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Прокурорлар аталған мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық пайда түсірілгенін анықтады.
Сол себепті бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта қылмыстық процеске қатысушылармен, қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр.
Соңғы нүктені іс бойынша сот қоятын болады.