Көктемгі су тасқыны кезінде жолдардың шайылып кетуі – жыл сайын қайталанатын күрделі мәселе. Биылғы дайындық қалай жүріп жатыр? Осы сұраққа “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев Үкіметтің баспасөз брифингінде жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дархан Иманашевтің айтуынша, өткен жылы көктемгі су тасқыны салдарынан 178 жол бүлінген. Осыған байланысты 2400 құбыр ауыстырылып, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Әрине, бұл жерлердің барлығын білеміз. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, толыққанды жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде ең қауіпті өңірлер – Шығыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстары. Осыған қатысты алдын алу шараларын жүргізудеміз. Біздің құзыретіміздегі құбырларды тазалау, қосымша арықтар салу, қапшықтар дайындау жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Иманашев.
Мамандардың айтуынша, уақытылы жасалған инженерлік шаралар жолдарды шайып кету қаупін азайтады. Дегенмен табиғаттың тосын мінезіне дайындық жұмыстары әлі де жалғасады.
Айта кетейік, осыған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев бензиннің қымбаттауы нарыққа қалай әсер ететінін түсіндіргені туралы жаздық.