Су тасқынын болжау мен модельдеуге арналған екі жаңа жүйені әзірлеу аяқталуға жақын

Бүгiн, 20:24
112
Бөлісу:
Су тасқынын болжау мен модельдеуге арналған екі жаңа жүйені әзірлеу аяқталуға жақын
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су тасқынын болжау және модельдеуге арналған Tasqyn.gov.kz, Talsim және Delft-FEWS жүйелерін көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығының базасында жаңа ақпараттық жүйелердің таныстырылымы өтті.

Tasqyn.gov.kz жүйесі төтенше жағдайлардың алдын алуға және стратегиялық шешімдер қабылдау үшін болжам жасауға мүмкіндік береді. 

Жүйені "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы мен "Қазгидромет" мамандары көрсетті. 

Бүгінгі таңда су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Әдістемеге сәйкес, уәкілетті органдар ақпараттық жүйеге су қоймаларындағы су көлемі, су жіберу және гидрометеоболжам секілді деректерді енгізеді. Жүйе жинақталған мәліметтер негізінде су тасқынының ықтимал сценарийлерін модельдейді.

 Алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдеріне оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр. TalsimNG бағдарламасы – голландиялық DELFT-FEWS платформасына біріктірілген неміс әзірлемесі. 

Жүйе су ресурстарын болжау және басқару модельдерін жетілдіруге, су қоймаларына ағын көлемін болжауды жақсартуға мүмкіндік береді. 

Бағдарламаны Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының төрағасы Хайрулла Қайратғали көрсетті. 

DELFT-FEWS платформасын пайдалану ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерландының IHE Delft су білім беру институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда. 

Жобалармен танысқаннан кейін Нұржан Нұржігітов әзірлеушілерге сұрақтарын қойып, болжау жүйелері арасында тұрақты деректер алмасу мүмкіндігін қарастыруды атап өтті.

Қазіргі заманғы болжау және модельдеу жүйелерін енгізу – су тасқыны тәуекелдерін басқарудағы маңызды қадам. Дұрыс болжам су тасқынына жан-жақты дайындалып, басқа мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп маңызды шешімдерді уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Өзгелердің жаңалығы