Су тасқынының салдарынан соң елімізде 2500-ден астам үй салынды. Бүгін үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев өңірлерде қанша үй салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Батыс Қазақстан облысында 823 үй тұрғызылды Олар (Орал қаласы – 423, Қаратөбе ауданы – 90, Бөрлі ауданы – 60, Бәйтерек ауданы – 6, Теректі ауданы – 130, Сырым ауданы – 114). Облыстың шалғай аудандарында орналасқан елді мекендерде құрылыс жұмыстары толықтай қыркүйек басында аяқталғанын атап өту керек. Өңірдегі қалған 66 үйдің құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында 700 үй салынды. Өңірде алғаш рет темір-бетон конструкциядан жедел тұрғызылатын 300 үй салынды. Бұл – заманауи жылдам құрылыс технологиясы мен Қазақстан темір жолы тарапынан логистикалық қолдауының айқын көрінісі, - деді Шарлапаев.
Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы аяқталды.
Ырғыз ауданында ең қиын құрылыс жағдайы болды. Нұра ауылының тұрғандары келісім бойынша жаңа жерге көшіріліп, жаңадан тұрғызылған ауыл инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді. Қостанай облысында 153 үй салынды(Арқалық – 50, Амангелді ауданы – 27, Жангелдин ауданы – 41, Қостанай ауданы – 21, Қостанай қаласы – 14). Бұл өңір, елді мекендердің бір-бірінен алыстығына қарамастан, зардап шеккен азаматтарды бірінші қыркүйекке дейін тұрғын үймен қамтамасыз етті. Мысалы, Қостанай қаласынан 700 км қашықтықта орналасқан Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылында 19 үй салынды, - деді министр.
Ақмола облысында 292 үй тұрғызылды(Атбасар – 165, Бұланды ауданы – 76, Есіл ауданы – 21, Жарқайын ауданы - 30).
Қыркүйек айының соңына дейін қалған 38үй аяқталуға жақын. Бұл үйлердің құрылысынбастамас бұрын, азаматтардың қоныс аудару және жаңа үйлер салу алаңын таңдау талғамдары ескерілді. Бүгінгі күнге құрылыс қарқыны жақсы жүруде. Атырау облысы Құлсары қаласында 100 үйдің құрылысы аяқталды. Павлодар және Ұлытау облыстарында 8 үй салынды. Жалпы, су тасқыны басталғалы орталық мемлекеттік органдардың жедел өзара іс-қимылын атап өткен жөн. Құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізу мақсатында логистика мәселелерін жедел шешудегі Көлік министрлігі және Қазақстан темір жолының атқарған рөлі зор. Құрылыс жұмыстары барысында отандық тауарлардың кеңінен қолданылғанын атап өткім келеді. Сондай-ақ, отандық өндірушілер, кезек пен қашықтыққа қарамастан, қажетті материалдарды жедел жөнелтуге белсенді ат салысты. Сонымен қатар, әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың үйлестіруі нәтижесінде еңбек және материалдық-техника ресурстары барынша тартылды, - дейді Қанат Шарлапаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін еліміз бойынша 2576 үй салынғаны туралы айтқан болатынбыз.