Су тасқыны. Темір ауданында зардап шеккен 17 отбасы баспаналы болды

27 Маусым 2024, 18:48
259
Бөлісу:
Су тасқыны. Темір ауданында зардап шеккен 17 отбасы баспаналы болды
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

17 отбасының бәрі - Құмсай ауылынан, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев көктемгі су тасқыны кезінде тұрғын үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарға жаңа баспана кілтін табыстау рәсіміне арналған салтанатты шараға қатысты. Аталған шара Шұбарши ауылындағы орталық алаңда өтті. Темір ауданы Саркөл ауылдық округіне қарасты Құмсай елдімекенінің су тасқынынан зардап шеккен 17 отбасы өз қалауларымен Кеңқияқ, Шұбарши және Шұбарқұдық елдімекендерінен жаңа тұрғын үй алуға ниет білдірген болатын. 

Шара барысында аудан әкімі биылғы көктемгі су тасқынының қарқынды және су мөлшерінің ерекше көп болғандығын атап өтіп, өңірімізде орын алған төтенше жағдай кезінде су тасқынының салдарын жоюға және оған қарсы іс-шараларды өткізуге белсенді атсалысқан азаматтарға құрмет көрсетіп, шыдамдылық танытқан әрбір құмсайлықтарға ризашылығын білдірді. 

Сонымен қатар қазіргі таңда ең басты бағыт – су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарының барлығын баспанамен қамтамасыз ету екенін атап өтті. 

Сондай-ақ су тасқыны кезінде белсенділік танытқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен және «Ел алғысы» төсбелгісімен табысталды. 

Шара соңында жаңа баспана иелерінің құрметіне өнерпаздар өз өнерлерін тарту етті.

Өзгелердің жаңалығы