Вице-министр тұрғындарды жатақханаларда қалдыру үшін ондағы студенттерді қашықтан оқытуға жіберу мәселесі қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлім етті.
Қазір 9 өңірдің 30 жоғары оқу орны апаттан эвакуацияланған азаматтар үшін қолдау көрсетіп, көмектерін жасауда. Оның ішінде 16 жоғары оқу орнының жатақханаларынан жалпы саны 3820 орын даярланып, онда 548 адам орналасты, оның 228-і мектеп жасындағы балалар. Ал резервтегі орындар саны 3272-ні құрайды. Бұл ретте, жатақханаларға орналасқан азаматтар негізінен су апаты үлкен болған Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының тұрғындары,-деді ол.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарының қызметкерлері қатарынан 5000 нан астам волонтер көмек көрсетіп жатқанын айтты.
Олар негізінен гуманитарлық көмекті үлестіру, тарату, тиеп және түсіру сонымен қатар, бөгеттер жасау үшін қаптарға құм толтыру сияқты жұмыстарды атқаруда. Мысалы, Досмұхамедов, Жұбанов университеттерінің студенттері дамбалар жасау үшін 30 мыңға жуық құм толтырылған қап әзірледі. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының педагог-психолог қызметкерлері мен магистранттары қатарынан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсету үшін 100- ден аса маман дайын, олардың бірқатары тиісті жұмыстарды атқаруда,-деді ол.
Сонымен қатар, табиғи апат болған жағдайда жоғары оқу орындары студенттерді қашықтықтан оқуға жібере алады. Қазір залал келген үйлерді қалпына келтіру және жаңа құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін зардап шеккен тұрғындарды жатақханаларда қалдыру үшін ондағы студенттерді қашықтан оқытуға жіберу мәселесі қаралуда.