Су тасқыны. Қостанай саяжайлары қамыстан тазартылып жатыр

26 Сәуір 2024, 18:09
500
Бөлісу:
Су тасқыны. Қостанай саяжайлары қамыстан тазартылып жатыр
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жақында болған су тасқыны тұрғындар мен өңір экономикасына елеулі қиындықтар келтірді, десек те адамдар біртіндеп бұрынғы өміріне қайта оралуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Учаскелеріне су тасқыны шайып әкелген қамыс пен басқа да тұрмыстық қоқысты тазартуда қостанайлық тұрғындарға қалалық коммуналдық қызмет мамандары көмекке келді.

Бүгінгі таңда саяжай аумағынан 1300 текше метрге жуық қоқыс шығарылды. Қалалық IKomek ахуал орталығына бау-бақша қоғамдарынан өтініштер үздіксіз түсуде. Тұрғындар саяжайлардан тасқын су шайып әкелген қамыс, құм мен ағаш сынықтарын шығаруға көмек беруді сұрайды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың проблемаларын шешуге, соның ішінде бақша қоғамдарының аумақтарын тазартуға қосымша қаражат бөлінді.

Төтенше жағдай аясында бүгінде жергілікті билік коммуналдық қызметтермен қосымша келісім-шарт жасасуда. Алдағы міндет – арнайы техниканың санын көбейтіп, Тобыл жағалауындағы барлық саяжайларды қалпына келтіру.

Бау-бақша қоғамдарының әкімшілігі өздерінің меншігіндегі электр жабдықтары мен сорғыларды қалпына келтіруге көмек сұрайды. Қазір мамандар трансформаторлық қосалқы стансалар, электр желілері, сорғы қондырғылары мен басқа да зақымданған жабдықтардың жағдайын тексеріп жатыр, - деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Су тасқыны салдарынан болған шығын бағалағанған соң, қажетті қаржат бөлініп, электрмен жабдықтау қалпына келтіріледі.

Жергілікті бағалау комиссияларына қоғамдық штаб мүшелері үлкен көмек көрсетуде. Бұл күндері олар су тасқынынан зардап шеккен саяжай қоғамдарын аралап, көмек көрсету алгоритмін жасауда. Ешкім назардан тыс қалмайды деп сендіреді қоғам белсенділері.

Су басқан бау-бақша учаскелеріне келетін болсақ, облыс бойынша 2978 саяжай зардап шеккен, оның 186-сы баспана ретінде қолданылады.

Қостанай облысы қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіпованың айтуынша, ҚР Үкіметі оларды өтеу және қалпына келтіру тәртібін белгіледі. Ережеге сәйкес, саяжай тұрғындары, егер бұл олардың жалғыз баспанасы болса, құқық белгілейтін құжаттардың бар-жоғына қарамастан, жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл жағдайда тұрғын үйді сатып алу немесе салу бекітілген үлгілік жобаның құнынан аспауы тиіс.

Сонымен қатар зардап шеккен барлық отбасыларға, соның ішінде саяжайда тұратын отбасыларға, егер бұл үйлер олардың жалғыз тұрақты тұратын жері болса, бюджеттен тыс қаражат есебінен 100 АЕК көлемінде біржолғы өтемақы төленетін болады.

Өзгелердің жаңалығы