Су тасқыны. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ақтөбелік әріптестерімен кездесті

27 Мамыр 2024, 11:49
1481
Бөлісу:
Су тасқыны. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ақтөбелік әріптестерімен кездесті
Фото: Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы

27 мамырда Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында су тасқынынан зардап шеккен өңірдегі кәсіподақ мүшелерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбеде ҚРКФ төрағасы қаланың кәсіподақ қызметкерлерімен, сондай-ақ Ырғыз және Ойыл аудандарының тұрғындарымен кездесті.

Жиналғандар алдында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы табиғи апаттың ауқымы мен залалы зор екенін атап өтті. Бұл ретте ол су тасқыны аймағында тіршілік әрекетін қалпына келтіру үшін мемлекет қабылдап жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Осы қиын кезеңде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір адам қараусыз қалмайды, материалдық шығындар толығымен өтеледі деп сендірді. Бүгінгі таңда Үкімет тарапынан тасқынға тосқын болар шаралар жүзеге асты. Өңірлерде 873 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде. 891 отбасыға үйлерін жөндеу және қалпына келтіру шығындарын өтеу үшін жалпы сомасы 1,9 млрд теңге көлемінде өтемақы берілді. Қазіргі кезде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда 11 137 тұрғын үй тексеріліп, 7 863 нысанды бағалау жұмыстары аяқталды. Тұрмысқа қажетті дүние-мүлік сатып алуға 553 800 теңгеге дейін қосымша өтемақы төленіп жатыр , - деді ҚРКФ төрағасы.

Жалпы алғанда кәсіподақтар еліміздің зардап шеккен бес облысын қолдау мақсатында 225 миллион теңгеге жуық материалдық көмек, сондай-ақ 14 млн теңгеге жуық гуманитарлық көмек аударды.

Ақтөбе облысының тұрғындарына Федерацияның мүшелік ұйымдары 108 млн теңгеден астам сомаға материалдық көмек және 3 млн теңгеге жуық сомаға гуманитарлық көмек көрсетті.

Қаржылай көмекпен қатар, федерация бастамасымен панасыз қалғандар үшін еліміздегі шипажайлардан 269 орын бөлінді. Төтенше жағдай басталғалы 179 адам кәсіподақ шипажайларына орналастырылды.

Қосымша қолдау ретінде ҚРКФ басшысы салалық кәсіподақтардың мемлекеттік, банк мекемелерінің және "KYZMET" қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлеріне, Құрылыс кешені мен ТКШ қызметкерлеріне және тағы басқаларға тұрмыстық техника сатып алуға сертификаттар табыс етті.

Су тасқыны. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ақтөбелік әріптестерімен кездесті

Адамдарды құтқаруға және зардап шеккендерге көмек көрсетуге қатысқаны үшін "Еңбек озаты" Кәсіподақтар федерациясының медалімен "20982" әскери бөлімінің бөлімше командирі Нұрлан Кондыбаев, "20982" әскери бөлімінің сүңгуір бөлімшесінің командирі Еділхан Олжас, "6655" әскери бөлімінің командирі Дияр Майлыбаев, ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының "6655" әскери бөлімінің командирі Заңғар Қыдыралы, аэродром техникалық взводының командирі Руслан Үмбетбаев марапатталды.

Сондай-ақ ҚРКФ-ның "Еңбек озаты" медальдарымен еріктілерді және зардап шеккен азаматтарды көмекке шақырып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен жергілікті бизнес өкілдері марапатталды.

Жұмыс сапары Қобда ауылында зардап шеккендермен кездесулермен жалғасты.

"Қобда орман шаруашылығы" КММ-де өткен кездесуде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жергілікті тұрғындарға қолдау білдіріп, Қобда және Ойыл аудандары кәсіподағының 10 мүшесіне тұрмыстық техника сатып алуға сертификаттар табыс етті.

Су тасқыны. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ақтөбелік әріптестерімен кездесті

Кәсіподақ мүшелерімен келесі кездесу Қобда көпсалалы колледжінде өтті. Кездесуде Кәсіподақтар федерациясы төрағасының қолынан Қобда және Ойыл аудандарының 23 тұрғыны - білім, медицина және мәдениет салаларының қызметкерлері сертификаттар алды.

Еңбек ұжымдарымен кездесулердің қорытындысы бойынша Сатыбалды Дәулеталин Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевпен бірлесіп, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен және табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. 

Өзгелердің жаңалығы