Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ТЖМ өкілі Асқар Шәріп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында Орал қаласында Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.
Үйлерді су басу оқиғасы тіркелген жоқ. Саяжайда қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру үшін аралау жұмысы жалғасуда. Осы сағатта республика бойынша 25 324 адам өз үйлеріне оралды. 8 783 адам, оның ішінде 3 832 бала эвакуациялау пункттерінде. 4708 тұрғын үй мен 2 774 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Шамамен 11,6 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 5,5 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді,-дедң ресми өкіл.
Су тасқан аймақтарда жедел желі де жұмысын жалғастырып жатыр. Тұрғындардан 2173 қоңырау түскен.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 806 су сору құралы, 310 жүзу құралы, 13 әуе кемесі жұмылдырылған.