Атырауда судың қатты ағысы салдарынан Ақжардағы жағалау бөгеті шайылып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атырау қаласы маңындағы Ақжар ауылы тұсындағы жағалау бөгетінің 100 метрге жуық аумағын ағын су шайып кетті.
Қазіргі уақытта бұл жерде нығайту жұмыстары жүріп жатыр.
Жайық жағасында су деңгейін бақылап тұрған кезекші құрам таңғы 4 шамасында бөгеттің бір бөлігін су шайып, құлап жатқанын байқайды. Біз ТЖ мамандарымен бірігіп, бөгетті жедел түрде нығайту жұмысына кірісіп кеттік. Қазіргі уақытта бұл жерге геомембрана төсеп, қосымша топырақ төгіп жатырмыз. Ағыстың күшімен шайылған бөгеттің аумағы 100 м. Жалпы су шайған бөгет аумағын шифер жабындық материалымен қорғаймыз деген жоспарымыз болды. Алайда, су деңгейінің тереңдігі кедергі келтірді, - дейді 69-73 участок координаторы Қаһарман Рахметұлы.
Жедел жұмысқа Ақтау ТЖД қызметкерлері мен атыраулық 20-ға жуық ТЖД маманы жұмылдырылды.
Спикердің мәлімдеуінше құлаған бөгетті қалыпқа келтіру 90%-ға аяқталды. Нығату жұмыстары жалғасуда.