Биыл көктемде болған су тасқыны кезінде Ақтөбе облысының бірқатар кәсіпкерлері шығынға ұшырағаны белгілі, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
22 сәуірде Ұлттық экономика министрінің қағидасына сәйкес зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу жөнінде өңірлік комиссия құрылған болатын.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев қазіргі таңда шығынды өтеу бойынша өтініш берген 67 кәсіпкерлік субъектісінің 57-сі мақұлданғанын жеткізді. Оларға 724 млн теңгеден астам өтемақы қарастырылған. Сондай-ақ, басқарма басшысы қыркүйек айынан бастап агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлердің де өтініштері қаралып жатқанын айтты.
Айта кететін тағы бір жайт, агроөнеркәсіптік саладағы кәсіпкерлер де енді назардан тыс қалмайды. 2024 жылғы 13 қыркүйекте қабылданған қағидаға сәйкес, агроөнеркәсіп саласындағы жылжымайтын мүліктерге өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды. Бұл саладағы кәсіпкерлердің материалдық шығыны мемлекет тарапынан өтеліп, олар қайта жұмысын бастай алады, - деді спикер.
Атап өтейік, кәсіпкерлік басқармасы су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің өтінішін желтоқсан айына дейін қабылдайды.